Шардарада композиторлар бақ сынады

фото ШАӘБҚ

Биыл шежіресі тереңінен сыр шеткен, шаруасы шалқыған, шағаласы шарқ ұрған Түркістан облысына қарасты Шардара өлкесінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық мәдениет сарайында композиторларға арналған облыстық «Кел, досым Шардараға» атты байқау өтті.

Рухтың бір түрі – өнер. Өнер – адам еңбегінің нәтижесі. Кез келген өнер туын¬дысында адам ақыл-ойының өзі жатыр, еңбегінің, бейнетінің таңбасы бар. Елімізде қалыптасып келе жатқан ұлттық мәдениетіміз, төл құндылықтарымыз өз даму барысында оқ бойы озуда. Өнердің кез келген түрі өзіндік құндылық. Ол – басқа өлшем арқылы өлшенетін зат емес, өзіндік өлшеммен өмір сүретін нәрсе.
Облыстық байқауға әрбір аудан, қаладан келген, талантты композиторлар қатысты. Аталған байқауды Шардара ауданы әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы, ашып, мәдени шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Патриоттық тақырыптағы туындыларды халық арасында кеңінен дәріптеп, композиторлар мен орындаушылардың шығармашылық байланысын арттыруды мақсат етіп отырған шара өңірімізде талантты композиторлар мен тың туындылардың іріктелуіне ықпал ететінін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі
Мәдени шарада ҚР мәдениет саласының үздігі, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы және «Серпер» жастар сыйлықтарының иегері ақын Әлібек Шегебай, «Казимпэкс — Ақтау» қорының директоры, ақын Дайрабай Үсіпбаевтар қазылық жасады.
Бұл байқау жүрегін әнмен әлдилеп, сазбен сиқырлаған жергілікті композиторлардың шежірелі Шардара өңіріне деген сүйіспеншілігін, сағыныш сарынын сездірткендей.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін сараптап, кіл мықтыларды анықтады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Мақтаарал ауданынан Байдуллаев Серғазы Жарқынбайұлы қанжығасына байлады. Ал, жүлделі І орынды Түркістан қаласынан Тұрманов Анарбай Әбілқасымұлы иеленді, Ⅱорын Шардара ауданынан Молдагулов Ахмет Мамырұлы, Келес ауданынан Нұрханов Заманға бұйырды, ІІІ орынды Кентау қаласынан Ширинбеков Ерғали Джуманұлы, Шардара ауданынан Роза Шығанақова, Сауран ауданынан Әлібеков Шерхан Шәкірұлы алды.
Композиторлар байқауында арнайы жүлделер де тағайындалды. Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Жетісай қаласынан Спанов Қуаныш Оралович, Түркістан облысы мәдениет басқармасының арнайы жүлдесімен Бәйдібек ауданынан Шынәлиев Ахан Күмісбекұлы, Түркістан облысы халық шаруашылығы орталығының арнайы жүлдесімен Шардара ауданынан Ибадуллаев Мейірбек Әбіләмитұлы марапатталды. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Бұл мәдени іс-шара мәдениет саласындағы майталмандарды қолдауға бағытталған игі қадамдардың бірі болды, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың туған жерді дәріптейтін таланттарды бағалайтынын және ынталандыратынының маңызды белгісі болды. Мұндай тұлғаларды қолдау мәдени мұраны сақтау мен дамытуда, рухани құндылықтарды қалыптастыруда басты рөл атқарады.