Шардарада жастарға рухани серпін сыйлаған кездесу өтті

фото ШАӘБҚ

Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды терең сіңіре отырып, оларға өнегелі тәрбие беру басты мақсаттардың бірі. Түркістан өңірінде бүгінде өткеннің ғибратты тәлімін қазіргі талғам-таныммен сабақтастырып, жас жеткіншектердің ой-өрісін дамыту, байыту бағытына көп назар аударып келеді.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында ел игілігі жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, қоғамда зор құрметке ие болған “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, ауданның құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібеков Тоқсанбай жастармен кездесті.

Саналы ғұмырын өзі туып-өскен өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың мұң-мұқтажын шешуге арнаған арда азамат Тоқсанбай Бердібековтың есімі халыққа жақсы таныс.

Кездесу барысында Тоқсанбай Бердібеков өзінің өмір жолы, еңбек жолындағы тәжірибелері мен елге сіңірген еңбегі туралы айтып, жастарды білімге, тәртіпке, отансүйгіштікке тәрбиелеу жөнінде тұшымды ойларымен бөлісті. Аудан тарихы мен ел бірлігі, аға буынның өнегесі туралы да кеңінен сөз қозғалды.

Қазақ халқы қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Ата-бабаларымыздың жас ұрпақтың бойына сіңіруге тырысқан ең бірінші тәрбиесі – үлкенді сыйлау, құрмет көрсету. Бұл жолы да Шардара жастары үлкенге құрмет көрсетіп, ардагерлер кеңесінің төрағасына алдағы жұмысына табыс тілеп, ақжарма тілектерін төкті.Жастар өз сауалдарын қойып, ақыл-кеңес алды. Ашық әрі шынайы әңгіме алаңына айналған бұл кездесу жастар үшін үлкен рухани серпін болды.