Шымкент гарнизонында сарбаздар ант қабылдады

фото ШГБҚ

 

Шымкент гарнизонында орналасқан 10216 әскери бөлімінің саптық алаңында көктемгі шақырылымның 35 сарбазы әскери ант қабылдау рәсімінен өтті. Жас сарбаздарды командирлер, қызметтестері, туыстары мен достары қолдап келді.

Мемлекеттік Ту мен Жауынгерлік Ту астында, қолдарына қару ұстап, әскери дәстүрге сай өткен салтанатты рәсімде сарбаздар Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Әскери бөлім командирі, подполковник Дәулетбек Қоғабаев сарбаздарға арнаған құттықтау сөзінде анттың маңыздылығына тоқталып, бұл – нағыз жауынгерлік жолдың бастауы екенін атап өтті.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев та сарбаздарды құттықтап, оларды ата-бабалар жолын лайықты жалғастырып, әскери борышты абыроймен атқаруға шақырды.
Одан кейін бөлім командирінің орынбасары, штаб бастығы әскери ант қабылдату туралы бұйрықты жария етті. Бір айлық бастапқы әскери дайындықтан өткен сарбаздар рәсімді жинақы, тәртіппен, әскери үлгіде орындады. Салтанатты іс-шара жауынгерлік Ту ұстаушылар тобы бастаған салтанатты саптық шерумен аяқталды.
Ант қабылдаған сарбаздардың бірі, қатардағы жауынгер Нұрасыл Айдар өз әсерімен бөлісті:
– Бұл күн мен үшін өте маңызды. Біз бір айдың ішінде көп нәрсені үйрендік, жаңа ұжыммен тіл табысып үлгердік. Әскери дайындықтан өттік, атыс полигонына да бардық. Алда – әскери мамандықты меңгеру, жаттығулар мен нағыз жауынгерлік өмір басталады. Ал әлі әскерге шақырылмаған жастарға айтарым: қорқудың еш қажеті жоқ. Мұнда бәрі жақсы – тамағы да дәмді, қарым-қатынас та өте жақсы, – деді ол.
Жас сарбаздар бір айлық бастапқы әскери дайындықтан өтті. Енді оларды дала шығулары, атыс жаттығулары мен оқу-жаттығулар күтіп тұр.