Шымкент қаласында өнер сүйер қауым үшін айрықша мәдени шара өтті. Республикалық Оркестрлер шеруі үшінші мегаполистің төрінде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнер ұжымдары көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Үш күнге созылған ауқымды шара өз мәресіне жетті.
Әуен әуелеген Шымкенттің алаңдары соңғы күндері нағыз өнер мерекесіне айналды. Қазақстанның әр аймағынан келген 7 оркестр бір сахнада бас қосып, ұлттық және әлемдік классиканың жауһарларын орындады. Осылайша үш күнге созылған ауқымды шара өз мәресіне жетті.
Ашық аспан астында өткен Оркестрлер шеруі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Қобыз бен скрипка үндесіп, домбыра мен флейта үндестік тапқанда, көрермендер тебіренбей қоймады.
Рано Алдакулова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шымкент қала күніне арналған 10 күндік маған ұнап жатыр. Дайындық деген керемет. Қала әкіміне рақметімді айтамын. Ұйымдастырушыларға рақмет. Тамаша жерде, наурыз алаңында, парктың жанында, жанды дауыста, осындай оркестрді көру өте керемет демалыс деп ойлаймын»
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының баспасөз қызметі: «Бұл айтулы шара Қала күні қарсаңында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, қаланың мәдени өміріндегі ең айтулы мерекелерінің бірі ретінде есте қалды».
Осылайша, Республикалық Оркестрлер шеруі шымылдығын жауып, көпшілікке рухани серпін сыйлады. Ұйымдастырушылар бұл бастама дәстүрге айналып, жыл сайын әр қалада жалғасын табады деп үміттеніп отыр.
Лаура Бабас