«Shymkent Usta Fest» қолөнершілер фестивалі өтіп жатыр

Шымкентте «Shymkent Usta Fest» қолөнершілер фестивалі өтіп жатыр. Ашық аспан астында шеберлер алып бөренелерден мүсін ойып, темір мен шойыннан өнер туындыларын жасады.

Шымкентте өткен «Shymkent Usta Fest» фестиваліне 8 елден келген қолөнершілер қатысып, тірі өнердің құдіретін көрсетіп жатыр. Олар қарапайым ағаш пен темірден жасалған туындыларын жұрт назарына ұсынды. Соның бірі қарағандылық Ерсін Темірғали. Ол көпшілік алдында май шайқайтын әженің мүсінін ағаштан ойып шығарды. Шебердің айтуынша, бұл – үлкенге құрмет пен ұлттық дәстүрді ұмытпауға үндейтін туынды.

Ерсін Темірғали, ағаш шебері: «Екінші фестиваліміз қазір мына жасап жатқан мүсініміз, әженің күбі пісіп отырған композициялық мүсінін жасаймыз. Қазақи нақыштағы эскиздар болды. Соның ішінен таңдағанымыз сол болды».

Ағаш шеберлері түрлі ағаштан нағыз өнер туындыларын жасаса, темір ұсталары от жағып, темірді қыздырып, балқытылған металдан көркем мүсіндер соқты.

Абдулла Наурызбаев,  ұста: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деген заман болатын. Сол осы жұмысты бастаған мына жерде бозторғай отырады. Астында үш жұмыртқа шынымен мынау сонша шөп, оттың көптігі, малдың соншалықты көптігі осы торғай жерге ұя салуға орын таппай, қойдың үстіне жаңағыдай жұмыртқалады деген мағынада».

Шеберлер Шымкентте бірнеше күн бойы жұмыс істейді. Фестиваль қорытындысы бойынша ең үздік қолөнершілер анықталып, оларға естелік сыйлықтар табысталады. Ал олардың еңбектері мегаполистің ең көрнекті орындарына сән бермек.

Әсел Мәлік