Шымкентте 5 жастағы балаға күрделі аденотомия отасы сәтті жасалды

фото ӘМСҚШФБҚ

 

Шымкент қалалық балалар ауруханасында аденоид гипертрофиясының ауыр түріне шалдыққан 5 жастағы балаға күрделі ота сәтті жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл – оториноларингология және жақ-бет хирургиясында жиі кездесетін патологиялардың бірі.

Балада аденоидтардың 3-дәрежелі гипертрофиясы анықталған. Яғни, мұрын-жұтқыншақ аймағындағы лимфоидты тін шамадан тыс өсіп, баланың еркін тыныс алуына кедергі келтірген. Соның салдарынан бала түнде қорылдап, жиі ЖРВИ жұқтырып, тамағы ауырып, жалпы өмір сапасы төмендеген.

Мұндай жағдайда есту мүшесіне де қауіп төнеді. Балада экссудативті отит – яғни құлақ қуысына сұйықтық жиналу дерті анықталған. Осыған байланысты қосымша құлаққа да ота жасалды. Бұл баланың болашақта есту қабілетінің нашарлауын болдырмау үшін жүргізіледі.

Ота ұзақтығы шамамен 20 минут және жалпы анестезиямен жүргізіледі. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы.

Отаны қалалық балалар ауруханасының ЛОР дәрігері, медицина ғылымдарының магистрі Нұрсұлтан Әбен жасады. Мұндай күрделі медициналық көмек түрі МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Дәрігерлер ата-аналарды баланың мұрынмен тыныс алуы қиындаса, түнде қорылдаса немесе жиі есту қабілеті төмендесе, аурудың асқынуына жол бермес үшін оториноларингологқа дер кезінде жүгінуге кеңес береді.
#дәрігербалалардыңжанашыры