Шымкентте 500 -ден астам адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Олар бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен талай жылдан бері есепте тұрады. Бірінің тірі доноры жоқ болса, енді бірі мәйіттік донорға кезек күтуде. Дәрігерлердің айтуынша, бұл диагнозбен ұзақ жүруге болмайды. Өйткені заманауи құрылғылар, табиғи бүйрек секілді ағзаны тазалай алмайды екен. Сондықтан, отаны барынша ертерек жасау қажет.
1982 жылы туған әйел өз туған сіңлісіне бүйрегін сыйлады. Науқас 2022 жылдан бері созылмалы терминальді бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұрады. Ол нефролог дәрігердің бақылауында болып, 2024 жылдан бастап бағдарламалық гемодиализден өтіп келген. Бүгінде, науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалып, ота сәтті өтті. Қазіргі таңда, емделушінің жағдайы жақсы. Амблоториялық ем қабыладауда.
«12 маусым күні келдім. Жаттым. Аллаһымның қалауымен әпкем туыстық донор болды. Сол апкемнің арқасында, дәрігерлердің арқасында, бас дәрігерлердің, кіші мейірбикелердің аман есен қалдым. 7 күннің ішінде отбасыма оралып отырмын. Барлықтарына алғысымды айтамын. Рахмет көп-көп», дейді науқас.
Бұл Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында тірі донордан жасалған 235-ші бүйрек трансплантациясы. Дәрігерлердің айтуынша, кез-келген науқасқа донор табылса, отаны ертерек жасатқан дұрыс. Өйткені, өзге аурулар асқынып, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Яғни, диализ аппараты арқылы ем көрсету, уақытша шешім дейді ақ халаттылар.
Сәбит Байтеміров, №3 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі: «Алмастыру терапиясы, гемодиализ арқылы, бүйректің қызметін замещение жасайды. Бұл терапияның өзімен ұзақ жыл жүруге болмайды. Ешқандай заманауи аппарат, табиғи бүйрек сияқты организмді тазарта алмайды. Сол себепті, ұзақ жыл гемодиализде жүрген науқастарда әр түрлі асқынулар байқалады. Оларда бүйрек жетіспеушіліктен басқа, жүрек, өкпе, мидың жыныстарына дейін бұзыла бастайды. Қан тамырлары қатайып қалады. Егер донор мәселесі шешілсе, туысқандарынан табылса, нәтижесі де жақсы болады. Ертерек операция жасағаны дұрыс».
Айта кетейік, республика бойынша 3 мыңнан астам адам бүйрек трансплантациясы операциясына кеззекке тұр. Оның ішінде Шымкентте мыңға жуық адам гемодиализ аппаратын қабылдайды. Олардың ішінде отаға қарсы көрсетпесі бар науқастарда бар. Ал, қалғандарының тірі доноры жоқ болса, кейбірі, мәйіттік донорға кезекте тұр.
Нұргүл Жолымбетова