Шымкентте банан мен көкжидек өсірілуде

фото Отырар.кз

Шымкентте алғаш рет өндірістік көлемде банан өсірілуде. Орталық Азиядағы тұңғыш өндірістік банан плантациясы халықты жеміспен қамтамасыз етіп қана қоймай, туристік орынға да айналған. Сонымен қатар, қоңыржай климатта өсетін көкжидекті де Шымкенттен табуға болады. Кәсіп иелері шетелдік технологияны пайдалана отырып, өнім көлемін арттырамыз деп отыр.

Валентина Ахмедова Шымкентте Орталық Азиядағы тұңғыш өндірістік банан плантациясы ашылғанын естіп қатты қуандым дейді. Ол мұндай жаңалықты естіп қана қоймай, отбасымен тамашалауға келген. Оның айтуынша, мұндай жылыжайдың саны артатын болса, экзотикалық жемістер халыққа да қолжетімді болмақ. Яғни, қалтаға да салмақ салмайтын еді дейді.

Валентина Ахмедова, Қала тұрғыны :»Бізге қатты ұнады. Қазақстан дами берсін. Оңтүстік өңірі дами берсін. Барлық қаладан келіп жатқандарды көріп қуанып жатырмыз. Тек банан емес, өзге де жемістерді өсіре берсін. Ең бастысы, халықтың қалтасына қонымды болса болды».

Жылыжай иесі Ислам Әлиевтің айтуынша, бес гектарда 7 мыңнан астам түп ағаш бар. Бір ағаштағы жемістің салмағы 40 келіден асады. Кәсіпкердің айтуынша, өнімді әр 4-5 айдан соң жинап отырады. Алғашқы өнім көлемі 500 тоннаға жуықтаған. Ал кейінгі өнім одан да көп нәтиже берді деп отыр.

Ислам Әлиев, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің басқарушы директоры: «Бірінші еккеннен кейін, бірінші өнімді 9 айдан соң жинадық. 385 тонна. 500 тонна жинау керек едік. Бірақ, аяз болған соң, қазір екінші өнім, 500 — ден асып жатыр. Енді 600-650 тоннадан асады деп жоспарлап отырмыз. Әр 4-5 айда жинап отырамыз өнімді. Алдағы уақытта мың тоннадан асырамыз деген жоспар бар».

Жергілікті жылыжайда өсірілетін экзотикалық өнім қазір ішкі нарыққа ғана жеткізіліп жатыр. Өйткені, жылыжайдан алған өнім, өзіміздің тұрғындардан артылмайды дейді кәсіпкер. Десе де, алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарда бар. Бұл бастамалар Қазақстанның оңтүстігінде банан өсірудің мүмкіндіктерін кеңейтіп, экзотикалық жемістердің өндірісін дамытуға ықпал етпек.

Ислам Әлиев, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің басқарушы директоры: «Өзіміздің Қазақстанға жетпей жатыр. 1 ғана процент жауып жатырмыз. Экспорт бойынша Қазқстанға 100 мың тонна банан кіріп жатыр. Шымкенттің өзіне жеткізе алмай жатырмыз. Бұл пробный 5 гектар соғылды. Алдағы уақытта 20-25 процент Қазақстан бойынша сұранысты жабамыз».

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер көкжидек өсіруді қолға алған. Әзірге 3 гектар жерден ғана өнім алуда. Көбінесе Солтүстік Америка, Еуропа және кейбір қоңыржай аймақтарда өсетін көкжидек салқын әрі ылғалды климатты ұнатады. Сондықтан оны Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында өсіруге қолайлы. Бірақ кәсіпкерлер түрік технологиясының көмегімен Шымкентте өсіріп, 9 тонна жидек жинап үлгерген. Алдағы уақытта 30 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр».

Экзотикалық туризмді дамыту бағытындағы бұл бастама өңір үшін тың серпін болмақ. Сондай-ақ, агротуризм бағытының дамуына жол ашпақ.

Нұргүл Жолымбетова