Шымкентте «Дикий Арманның» серіктеріне үкім шықты

Шымкентте «Дикий Арман» лақабымен танылған Арман Жұмагелдиевтің серіктері деп танылғандарға үкім оқылды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты айыпталушының бірін жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатты. Екіншісіне шартты жаза кесті, қалған төртеуін 1 жылдан 8 жылға дейін түрмеге жапты.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Қорқытып алу», «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», “Өзінше билік ету» сияқты әрқайсысы әртүрлі баппен айыпталған 5 адамға қатысты үкім оқыды. Әрқайсысы әртүрлі мерзімге түрмеге жабылды.

А.С.«Өзінше билік ету» және «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру, Д.Т.  «Қорқытып алу», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру, А.О. «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру,
Ғ.Ә «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру». Жоғарғы соттың Сот кабинеті жүйесі

Бас бостандығынан айырылған сотталушылардың бәрі жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сонымен бірге іс бойынша «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру» және «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен айыпталған Д.О-ға сот 1 жылға шартты жаза берді. Ал «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен айыпталған Е.Т. жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

«Сот тұжырымы сотталушылардың, жәбірленушілердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттері жазбаларымен, сот сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелер жиынтығымен, істегі басқа да дәлелдермен қуатталды». Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар үкіммен келіспеген жағдайда апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.

Дилара Иса