Шымкентте лифтіде ер адамды соққыға жыққандар сотталды

Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде ер адамды соққыға жыққан үш жігіт сотты болды. Сот оларды «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп танып, әрбірінің бас бостандығын 3 жылға шектеп, жылына 100 сағаттан мәжбүрлі жұмыс істеуге міндеттеді. Сотталушылар кінәсін толық мойындаған, жәбірленуші оларға кешірім берген.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бініндегі лифтіде ер адамды соққыға жыққан үш адамды «Бұзақылық бабымен кінәлі деп таныды. 25-27 жастағы сотталушылар жәбірленушінің иығы біріне тиіп кеткені үшін таяқтың астына алған. Олар кінәсін толық мойындаған, шын өкінетінін айтқан. Сот үш айыпталушыны 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартты.

«Біріншісі болмашы себеппен жәбірленушінің бас және денесінің барлық бөліктеріне аяқ және қол жұдырығымен аяусыз бірнеше соққы жасаған. Екі сотталушы оған қосылып жәбірленушінің денесінен бірнеше соққылар жасап, оны 3-қабаттан шығарып тастаған. Үшеуі бірге адамдар тобы болып, қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, күш қолданумен ерекшеленетiн әдепсiз әрекеттер жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзақылық жасаған»

Жоғарғы соттың сот жүйесі кабинеті

Сот үкіміне қарағанда, жәбірленуші айыпталушылардың бәріне кешірім берген. Оларға қоятын талабы жоқ екенін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сот-медициналық сараптамасы оқиғадан жәбірленуші «адам денсаулығына зиян келтірмейтін жарақат» алғанын көрсеткен. Сот оларды қоғамды құрметтемей, бұзақылық жасады деп тапқан.

«Адамдар тобы болып, күш қолданумен ерекшеленетiн қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін бұзақылық жасаған»

Жоғарғы соттың сот жүйесі кабинеті

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде ер адамды бірнеше жігіт соққыға жыққан видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда 5 жігіттің лифтіге кіре сала ер адамды жабылып таяқтың астына алғанын көруге болады.

Дилара Иса