Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты

Шымкент қалалық прокуратурасы қаржы мониторингі агенттігінің қала бойынша департаментімен бірге «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген. Күдіктілер түскен ақшаға 280 миллион теңгеге бағаланған тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алған.

Шымкент қаласы прокуратурасы қаржы мониторингі агенттігінің қала бойынша департаментімен бірге «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлады. Қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсетіп, инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30 пайызын құрайтын ай сайынғы табысқа уәде беріп, негізгі капиталдың сақталатынына кепілдік бергені анықталған. Шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған».

Шымкент қаласының прокуратурасы

Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және басқару» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Олардың үйіне тінту жүргізілген.

«Күдіктілер қылмысынан түскен ақшаларды жалпы құны 280 миллион теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған.
Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша мен құны 28 миллион теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді».
Шымкент қаласының прокуратурасы

Аталған қаржы пирамидасына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал күдіктілер ұсталып, қамауға алынған.

Дилара Иса