Шымкентте полиция қызметкері күдікке ілінді

фото Отырар.кз

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары полиция капитаны шеніндегі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мұны қалалық полиция департаменті растады. Бірақ оның үстінен қай бап бойынша іс қозғалғанын нақтыламады.

Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары полиция капитанының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұған дейін әлеуметтік желіде оның үстінен әріптесі арыз түсіргені жөнінде ақпарат тараған еді. Оған қарағанда, айтулы маман «Зорлау» бабымен күдікке ілінген.

«Әйелдің арызы бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, арызданушы мен арызда көрсетілген ер адам бұрын жақын қарым-қатынаста болған» Шымкент қалалық полиция департаменті

Полиция мәліметінше, тергеп-тексеру амалдары басталған. Полиция қызметкерінің үстінен нақты қай бап бойынша іс қозғалғаны беймәлім.

«Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалды шешім қабылданады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды» Шымкент қалалық полиция департаменті

Бейресми мәліметке қарағанда, полиция капитанының үстінен арызданған әйел де полицияда жұмыс істеген.

Дилара Иса