Қала аумағынан Түркістан облысының оңтүстік аудандарына қатынайтын жолаушылар ағынын реттеу және заңсыз тасымалға тосқауыл қою мақсатында жаңа «Қазығұрт» автобекеті іске қосылды. Қазіргі таңда «Дархан» сауда үйі мен «Көмешбұлақ» базары маңынан қатынайтын 65 тұрақты бағыттағы автобустар мен 150-ге жуық заңсыз такси көліктері осы жаңа автобекетке көшірілуде.
Шымкентте жаңа автобекет ашылды. Нысан А-2 тас жолының бойында бой көтерді. Мұнда 280 орындық автотұрақ бар. Оның ішінде 130 орын – жолаушылар автобустарына, ал 150 орын – жеңіл көліктерге арналған. Енді бұл автобекеттен күніне шамамен 1000 адам сапар шегеді деп жоспарланып отыр.
Пернебай Елемесов, жүргізуші: «Кең ғой, жақсы мына жер. Кең алаң жақсы. «Көмеш бұлаққа» қарағанда. «Көмеш бұлақта» кіретін жер тар. Шығуы тар. Көлік тығыны болып қалады арасында. Мына жер ондай болмайды — ау. Жақсы кең, келешегі көбейеді деп үміттенеміз ғой. «Көмеш бұлақты»ң алды жабылатын болса келеді ғой адамдар».
Екі қабатты ғимарат толықтай инвесторлардың есебінен салынған. Заманауи нысанда көлік жүргізушілерімен қатар, жолаушылар үшін де барлық жағдай жасалған.
Дәурен Жаулыбаев, «Қазығұрт» автобекетінің директоры: «Асханасы бар. Дүкені бар. Жоба бойынша қарастырған кезде сақтау қоймасы, диспечерлік, намазхана, жүргізушілерге демалыс бөлмесі, медбөлме және күту залы бар».
Айта кету керек, қазіргі таңда «Дархан» мен «Көмешбұлақ» маңынан қатынайтын 65 автобус пен 150 шақты жеңіл такси осы «Қазығұрт» автобекетіне көшіріліп жатыр. Жолаушылардың қатынауын жеңілдету үшін «Көмешбұлақ» аялдамасынан өтетін 9 қалалық бағыттағы автобус маршруттары қайта жоспарланды.
ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Былтыр қала әкімі осы «Көмеш бұлақтағы» заңсыз тұрақтардың бәрін шешу мақсатында тапсырма берген еді. Инвесторлар өз қаражаты есебінен автостанция соғылды. Қазір заңмен құжаттар рәсімделді. Бұл бағытта Түркістан облысының оңтүстік аудандарына баратын маршруттар барады. Және де халыққа ыңғайлы болуы үшін 9 маршрутты ұйымдастырдық. Оның 4-і өзгерістер енгізіліп осы жерге дейін ұзартылды».
Қоса кетсек, бүгінде «Көмешбұлақ» базары маңындағы ретсіз автотұрақтардың орнын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республика даңғылынан Бадам өзеніне дейін арнайы қоршаулар қойылуда. Бұл көлік қозғалысын реттеп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, әкімдік заңсыз жолаушылар тасымалы мен ретсіз тұрақ мәселесін шешу үшін құзырлы органдармен бірге іс-шаралар жоспарын жасап жатыр.