Мегаполис тағы 3 өндіріс орнымен толықты. Соның бірі — «Sauran Bricks» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыт жылына 200 мың текше метр автоклавты газды бетон өндіруге қауқарлы. Барлық жоба жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен жүзеге асып отыр.
Қаламызда жаңа зауыт іске қосылды. «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» ЖШС жылына 200 мың текше метр автоклавты газды бетон шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алдағы уақытта жергілікті өнімді шетелге экспорттау жоспарланып отыр.
Маханбет Қайсарбеков, «Sauran Bricks» ЖШС директоры: «Зауыттың қауыттылығы өте үлкен. Біз өңірімізден бөлек Қырғызстанға экспорттау жоспарымызда бар. Бұл өнім сапалы, салмағы жеңіл».
Жаңа нысан ашылуына арнайы келген қала басшысы адал еңбек ететін кәсіпкерлерді қашан да қолдайтынын жеткізді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Sauran Bricks» ЖШС баршаңызға құтты болсын. Берекелі жұмыс болсын. Еліміздің экономикасының дамуна үлес қоса беріңіздер. Біз қолдаймыз. Ол Президентіміздің де саясаты».
Қала күні қарсаңында іске қосылған кәсіпорындардың бірі — «BIK Kanc» ЖШС. Бұған дейін шетелдік өнімді тасымалдаумен айналысқан компания бүгінде өз өндіріс аймағын құрды. Жаңа зауыт жылына 3,5 миллион дана қағаз қаптама шығарады.
Дархан Иханбаев, «BIK Kanc» ЖШС құрылтайшысы: «Біздің алған франшиза әйгілі бренд. Біздің мақсатымыз елге қолжетімді өнім әкелу. Импортты қысқарту».
Ал үшінші нысан — жылына 10 мың тоннаға дейін дезинфекциялық құралдар өндіретін кәсіпорын. Өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, ТМД елдеріне де экспортталмақ. Жауапты мамандардың айтуынша, кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Біржан Әзімбердиев, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Салықтардан босатылады. Атап өтетін болсам, жер салығы, корпоративтік табыс салығы. Жер дайын инфрақұрылыммен бірге беріледі».
Ашылған кәсіпорындардың барлығы — жергілікті кәсіпкерлердің инвестициялық жобасы. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді.
Әсел Мәлік