«Теңізшевройл» компаниясының делегациясы жұмыс сапарымен Шымкентке келді. Олар өңірлік тауар өндірушілердің өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Сапар мақсаты – мұнай-газ саласында қолданылатын өнімдерді импортты алмастыру аясында жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастықты дамыту.
Шымкентке мұнай, газ және ілеспе өнімдер өндіретін жетекші компания жұмыс сапарымен келді. Олар жергілікті тауар өндірушілермен кездесіп, өндірістік әлеуетпен танысты. Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды.
Біржан Әзімбердиев, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда 20-дан астам кәсіпорын қатысып отыр. Біз әр саладан алдық. Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсіп, формацевтика, машина жасау, химия саласынан да қатысып отыр. Қазіргі таңда осы “ТеңісШевроил” өкілдері қызығушылық танытып, байланыс нөмерлерімен алмасып отыр».
Көрмеде Электр тарату жабдықтарын өндіретін бірқатар отандық компания өз өнімдерін таныстырып, заманауи технологияларды, лазерлік кесуге арналған зияткерлік жүйелер мен инверторлық шешімдерді, сондай-ақ басқарудың қарапайымдылығын ұсынды.
Жаблан Ерманов, «NEWTON ENERGY» компаниясының қызметкері: «Біздің шығаратын өндірісіміз трансформатор подстанциялары. Әртүрлі. Қуатына байланысты 25квадан 2500кваға дейін подстанциялар шығарамыз. Ашық түрде және жабық түрде. Біз ұсынушының талаптарының бәрін орындаймыз. Сапа жағынан. “ТеңізШевроил” компаниясы Қазақстанның батысында орналасқандықтан, ол жақта ауа-райы шамалы өзгереді. Сондықтан сол ауа-райына байланысты электр құрылғыларының талаптары бар. Соларды максимал дәрежеде орындаймыз».
Жалпы алғанда «Теңізшевройл» компаниясының делегациясымен кездесуге 70-ке жуық жергілікті кәсіпорын қатысты. Сапардың негізгі мақсаты – мұнай-газ саласына қажетті өнімдер бойынша импортты алмастыруды қамтамасыз ету. Айта кетсек, іс-сапар 3 күнге созылмақ.
Лаура Бабас