Созақта тұрғындар алтын барлаушылардың жұмысын тоқтатуды талап етті

Түркістан облысы Созақ ауданы Сызған ауылының тұрғындары ауыл маңында алтын барлаушылардың жұмысына наразы. Айтуларынша, барлаушылар келгелі ауылдың тынышы кеткен. Жұмысшылар тау қыртысын қопарып, жүздеген метр тереңдікте ойып жатыр. Ал ауыл тұрғындары жөн-жосықсыз ескертусіз келген барлаушылардың жұмысына қарсы. Олар барлаушылар химиялық заттар қолдана ма деп қауіптенеді.

«Кешке дейін тоқтатыңыздар! Халыққа ескерткен жоқ».

Түркістан облысы Созақ ауданы Сызған ауылының тынышы бұзылғанына екі айдан асқан. Бұған алтын барлаушы компаниясы жұмысшылары мен техникасын әкеліп, ауыл маңындағы таудың әр жерінен тесіп, ойып 700-800 метрге дейін тереңдікте құбыр тастай бастағаны себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, бұл туралы ешкім ешқандай хабар бермеген, ескертпеген. Алғашында аң-таң болған жұрт қазір ашуға мінген.

Жүсіп Рахымов, Сызған ауылының тұрғыны: «Скважинаны қазып, кислота арқылы шығарады. Алтынды өңдеу барысында кислотаны бір қолданады, оған қоса сианид қолданады. Ал сианид жер асты суларының бәрін былғайды. Былғағанымен қосып ауыз суымыз былғанады. Кәдімгідей былғанады. Көріп тұрғандарыңыздай мына скважина қазір тереңдігі 560 метр деп тұр. 560 метрге бұлар кислота жібереді. Одан кейін цианит жібереді. Цианитті білесіздер, бұл жерді улайды. Су қыртысын жабады. Уланғаннан кейін астында қанша мың халық бар, енді мына жерде 2 адамның қалтасы, пайдасы үшін он мыңдаған адам зиян шегейін деп тұр. Бұл арада қырылады».

Ауыл тұрғындары тауды жарып, қопарып жатқанына қарсы шығып, барлаушыларға барды. Бұрғылауды тоқтатып, жұмысшылардан кетуін сұрады.

«Бәрі әкімшілікте тұр деді ғой. Жердің бәрін тесіп жатқан сендер ғой, олар емес. Тоқтатыңдар, болды! Тоқтату керек».

Жұрт жаппай шулаған соң барлау компаниясының басшылары, аудандық әкімдік және прокуратура ауыл әкімдігінде тұрғындармен кездесті. Мердігер бәрі заңды, химиялық заттар қолданылмайды деп сендіреді. 2021 жылы тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізгенін айтады. Ал ауыл тұрғындары мұны жоққа шығарды.

Жандос Ысқақов, Сызған ауылының тұрғыны: «Бұл тірлік басталмай тұра мемлекеттік тұрғыда қаралған нәрсе болса елмен санасып, жиналыс өткізіп, жөн-жосығымен айтылу керек нәрсе бұл. Ал бірақ жөн-жосықсыз 2-3 жігіт келіп, ол барлау жүрсе талай жерді көріп жатырмыз астаң кестеңі шығып жатыр… Бұл жерде алдын ала барлау жүріп жатыр дейді. Барлау жүрсе талай жерді көріп жатырмыз, астан-кестеңін шығарып жатыр. Ертең ол химикаттар салынады деп өз ауыздарымен айтып жатыр. Ол химикат біздің суға араласады».

Наразы жұрт барлаушылардың жұмысын тоқтатуды сұрайды. Олар бір компанияның пайдасы үшін 60 мың адамның зардап шеге ме деп алаңдайды. Бірауыздан жұмысты тоқтатуды сұрағанымен мердігер компания бұған келіспеді. Ол тиісті құжатты министрліктен рәсімделгенін, жұмыс жалғасатынын жеткізді. Жиналған жұрттың алдына шығып, «BB Азия GM» барлау компаниясының басшысымын деген азамат журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты.

«Мен сізге қазір камера алдында айтпаймын. Сіздер маған ресми жазыңыз».

Аудан әкімдігі ауыл тұрғындарының алтын барлау жұмысын тоқтатсын деген талабынан хабардар. Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова компания құжаты заңды дейді. Десе де тұрғындардың да шағымы ескерусіз қалмайды деп сендіреді.

Алтын Ешанқұлова, Созақ ауданы әкімінің орынбасары: «Осынша адамдарды шырылдатып қоймаймыз ғой. Өтініштерінің бәрін жинап, видеодәлелдерін көрсетіп жатыр. Қазып тастап кеткен, жолдардың бәрін бүлдірген деген сияқты. Сол мәліметтерін жинақтап аламыз да Табиғатты қорғау басқармасына сонымен қатар прокуратура органдарына өз тарапымыздан қаншалықты тұрғындардың өтініші қанағаттандыруға жата ма табиғатқа шынымен зиян келтіріп жатр ма, зиян келтіріп жатқан болса жұмысын тоқтату туралы өтінішхат жолдайын деп жатырмыз».

Десе де тұрғындар жаппай Бас прокуратураға арызданамыз деп, тарасты.

Дилара Иса