Төлеби ауданында 20 адамға үкім оқылды

Түркістан облысы Төлеби аудандық соты «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен 20 адамға үкім оқыды. Оларға судья әртүрлі мерзімге жаза тағайындады. Сотталушылардың кейбірі айыпты ішінара мойындаған, қалғаны мойындамаған.

Түркістан облысы Төлеби аудандық соты «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен айыпталған 20 адамның ісін қарап, үкім шығарды. Сотталушылардың үлкені — 65 жаста, кішісі — 24 жаста. Бірі бұрын сотты болған, қалғаны бұрын-соңды істі болмаған. Айыпталушылардың арасында бірнеше мектеп мұғалімі бар. Дәрігер, есепші болып жұмыс істегендер де күдікке ілінген. Дені жұмыссыз. Барлығы Төле би ауданы тұрғындары. Істе 54 адам жәбірленуші деп танылған.

«А.Б Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағындағы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» Төлеби аудандық соты

Іс бойынша бір адам 7 жылға, 2 адам 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. 12 адамның бас бостандығы 2 жылға, 5 адамның бас бостандығы 3 жылға шектелді. Жәбірленушілер соттан шығынды өндіріп беруді сұраған. Алайда шығын мөлшерінің сот тергеуіне анықталмауына байланысты сот бұл шағымды азаматтық тәртіппен қарауға жіберген.

«Жәбірленушілер азаматтық талаптарын қоюды қанағаттандыру құқықтары танылып, оларға талаптарының мөлшерi жөніндегі мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алатындары түсіндірілсін». Төлеби аудандық соты

Сотталушылардың кейбірі айыпты ішінара мойындаған, қалғаны мойындамаған. Олардың үкімге апелляциялық шағым түсіретіне, не түсірмейтіні беймәлім. Іс сотқа өткен жылдың қазан айында түскен. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Дилара Иса