Шымкентте қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры мен оның сыбайластары сотты болды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 4 бабымен кінәлі деп тауып, 7 жыл 6 айға түрмеге жапты. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 37 жастағы С.К-ті Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы, «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бабы, «Заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау» бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп таныды. Оған жеті жарым жыл абақтыда отыру жазасын кесті.
«К.С қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі 59 уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Жоғарғы сот сот кабинеті жүйесі
С.К бірге кәсіпкер «Shanyrak Story Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры 31 жастағы Б.П пен 32 жастағы А.Д 7 жылға қамалды. П. Қылмыстық кодекстің үш бабымен, Д. Қылмыстық кодекстің екі бабымен айыпты деп танылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сот үкіміне қарағанда сотталушылар мемлекетке 89 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Сот бұл сомманы кері қайтаруға міндеттеді.
«Азаматтық жауапкерлер К., П, Д. азаматтық талапкер «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына ортақ тәртіпте 88 740 148 (сексен сегіз миллион жеті жүз қырық мың бір жүз қырық сегіз) теңге қылмыспен келтірілген мүліктік шығын сомасы өндірілсін. Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін бір ай мерзім белгіленсін, бұл мерзімде сот шешімін өз еркімен орындамаған жағдайда ол мәжбүрлі түрде орындауға жолдансын»
Жоғарғы сот сот кабинеті жүйесі
2022-2023 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылған. Сот кабинеті жүйесіндегі үкімге қарағанда К. пен оның серіктері жөндеу жұмысына бөлінген ақшаны заңсыз иемденген.
Айта кетейік, К. те, П. пен Д. та кінәсін мойындамаған, соттан өзін ақтауды сұраған. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса