Түркістан: Комиссия төрағасының басы дауға қалды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеевқа қатысты қызметтік тексеруді бастады. Оған комиссия қызметкерінің шағымы негіз болған. Тапеевтың үстінен «қызметін пайдаланды, қол астындағы қызметкерлерін орынсыз сөгіп, балағаттады» деген арыз түскен. Тапеев бұл туралы пікір бермеді. Ал комиссия арнайы тексеру жүргенін растады.

Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеев «қызмет бабын пайдаланып қол астындағы қызметкерлерін орынсыз сөгіп, балағаттады, ауыр сөз айтып, айқайға салды, мемлекеттік қызметкер этикасын бұзды» деген дауға қалды. Комиссия қызметкерлері оның дауысын таспаға жазып алып, әлеуметтік желіге жариялап жіберген.

Видеодағы дыбыстан келіспеушілік Алтынай есімді қызметкермен болғаны анық байқалады. Аудиожазбалардың әр мезгілде, әртүрлі жағдайда жазылған. Сәйкесінше дыбыстар, сөз мазмұны да әртүрлі. Аудиожазбамен бірге автор жазбаша мәлімдеме жасаған.

«Ғалымжан Серікбайұлы өзінің лауазымдық өкілеттіктерін жеке мақсаты үшін пайдаланып, қарамағындағыларға және басқа да азаматтарға қатысты бейәдеп, қорлайтын сөздер айтып, мемлекеттік қызметкер этикасына сай келмейтін әрекеттер жасаған. Бұл жағдай қызметтік этика нормаларын бұзып қана қоймай, адамгершілікке жат және моральдық қысым көрсетуге әкеліп отыр»

Арызданушы Тәпеевтің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілуін, тәртіптік немесе қылмыстық шара қолдануды сұраған. Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы Абзал Жаңабай Алтынай есімді қызметкердің бар екенін, арызға қатысты мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті арнайы қызметтік тексеру жүргізгенін хабарлады.

Абзал Жаңабай, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы: «Қызметтік тексеріс болды. Әлі ресми шешім шыққан жоқ. Аудижазбаның нақтылығы белгісіз. Сондықтан қазірге ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Тексеру нәтижесін күтеміз».

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті арыз бойынша арнайы комиссия құрылғанын, қызметтік тексеру жүргізілгенін растады. Комиссия шешімі алдағы күндері әдеп кеңесінде жарияланбақ. Айта кетейік, 40 жастағы Тапеев Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасы қызметіне келгеніне бір жарым жыл болды.

Дилара Иса