Биыл Түркістан облысында шегірткеге қарсы 712 мың гектар жер дәріленген. Оның ішінде 372 мың гектар жерді дәрілеуге республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Қалғаны демеушілердің есебінен жасалған. Облыста бұрын-соңды байқалмаған кей аудандардан да шегіртке шыққан. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков хабарлады.
Биыл Түркістан облысында шегірткемен күресті әдеттегіден ерте бастады. Әлі де дәрілеу жұмысы жалғасып жатыр. Шегіткемен күрес әлі тоқтаған жоқ дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бізге марокко шегірткесіне республикалық бюджеттен 192 мың гектар жерге бөлінді. Облыстық бюджет есебінен 180 мың гектарға. Сонда нәтижесінде 372 мың гектар жерді дәрілейміз деп жоспарладық. Өздеріңіз білесіздер, ол табиғаттың құбылысы. Табиғатқа ешқандай немізді айта алмаймыз. Жауын-шашынның кем түсуі, сол сияқты шегірткеге байланысты бүгін толыққанды дәрілеп біттік деп айта алмаймыз. Дегенмен 712 мың гектар жерді дәріледік».
Тұрашбековтың сөзінше, қаражат бөлінбеген 340 мың гектар шегіртке қаптаған жер демеушілердің есебінен дәріленген. Негізінен шегіртке Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес ауданында көп байқалған.
Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Одан бөлек жалпы біздегі 13 аудан, қалаларды қамтыды. Бұрын шықпаған Түлкібас ауданынан, Төлеби ауданы жерлерінен шықты. Ордабасы, Отырар аудандарынан. Бұл енді арнайы нақты гектарды көрсетіп тұрып мәлімет бере аламыз. Созақ, Бәйдібек аудандарынан, күні кеше өзіміздің қаладан да, Сауран ауданынан да шығып кетті. Бұл бойынша жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жандандыруымыз керек. Келесі жыл да осы бағытта жүрсек тағы екі жылда жеңіп шғамыз ғой деген жоспарымыз бар. Қысқаша айтқанда бюджет 372 мыңға қаралғанымен 712 мың гектар дәріленді».
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы шегірткемен күрес ерте басталған. Қаңтар айынан бастап химиялық өңдеу жұмыстарын бір күн де кешіктірмеу, жағдайды бақылауда ұстау, дәрі сапасын қадағалау сияқты маңызды тапсырмалар берілген. Арнайы штаб құрылған. Мамыр айының ортасында кей шаруалар егініне шегіртке түскенін айтып, дабыл қаққан.
Дилара Иса