Түркістан облысында медицина қызметкерлерінен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ресми мәліметке қарағанда, олар ұзақ уақыт бойы «Трамадол» препаратын алу үшін жалған рецептер жасап келген. Іске қатысты күдіктілер ұсталып, тергеу басталған.
Түркістан облысында «Трамадол» сатқан медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Министрлік мәліметінше, күдіктілер ұзақ уақыт бойы «Трамадол» препаратын алу үшін жалған рецептер жасап келген.
Қуандық Әлжанов, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары: «Түркістан облысында медицина қызметкерлеріінен құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. 170 мың таблетка тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды».
Күдіктілер «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұсталған. Шара Қазақстан бойынша есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымын бақылау мақсатында өткен.
Қуандық Әлжанов, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары: «Нәтижесінде, 709 нысан тексерілді, оның ішінде 577 медициналық мекеме және 132 өндірістік кәсіпорын. Іс-шара кезінде 237 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Есірткілік және психотроптық заттар бар 23 мың ампула және 6 мың таблетка тәркіленді. Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша 135 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жинақталып, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жолданды. 380 мың тонна прекурсордың айналымы шектеліп, 70 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды».
Ішкі істер министрлігі есірткі және прекурсорларды сақтау, тасымалдау, пайдалану және өткізу ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
Дилара Иса