Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жасқа толды

фото ШГБҚ

 

Түркістан облысы Жетісай ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Кузьмич Попковтың үйінің ауласында 100 жасқа толуымен құттықтауға арналған салтанатты шара өтті. Ғасыр жасаған майдангерді Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы капитан Нұрдаулет Рысбек пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов арнайы келіп құттықтады.

Қорғаныс министрінің және Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының атынан ардагерге алғыс хаты табысталды. Жетісай ауданының әкімі майдангерлердің бейбіт аспан үшін көрсеткен ерліктері Қазақстан тарихында ерекше орын алып қалатынын атап өтті.

Өз кезегінде Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы капитан Нұрдаулет Рысбек ардагерді жеке өзі құттықтау – үлкен мәртебе екенін айтты:

– Мұндай кездесулер – құрмет көрсетудің белгісі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының терең мәні бар көрінісі. Әскерилер үшін бұл – тарихпен жүздесу, нағыз ерліктің және парызға адалдықтың үлгісін көру мүмкіндігі. Батырлардың ерлігін ұмытпай, жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз, – деді ол.

Петр Кузьмич Попков 1925 жылы 20 маусымда Башқұрт АССР-індегі Максимовка ауылында дүниеге келген. 18 жасында өз еркімен әскерге аттанып, қысқа мерзімді әскери дайындықтан кейін майдан шебіне жіберілді. Ол маршал Фёдор Толбухин басқарған 3-ші Украина майданындағы 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 105-ші полкінде кіші сержант шенінде соғысқан. Жеңісті старшина шенінде қарсы алды. Польша, Чехословакия, Югославия, Молдова, Румыния, Венгрия және Болгарияны азат етуге қатысқан.

Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Петр Попков Қызыл Жұлдыз орденімен және басқа да марапаттармен наградталған. Оның ішінде ең қымбаттысы – Қызыл Жұлдыз ордені екенін өзі ерекше атап өтеді. Ол тек 1950 жылы ғана әскери қызметтен босатылған.

Соғыстан кейін жұбайы Галина Евсеевнамен бірге тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде Қазақстанға қоныс аударады. 1963 жылдан бастап Ленин атындағы совхозда тұрып, тракторшы болып еңбек етті, кейінірек жергілікті мақта зауытының өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарды. Зейнетке шыққан соң Жетісай қаласына көшіп келіп, осы күнге дейін сонда өмір сүріп жатыр.

Қазіргі таңда ардагер қызы Надежда Петровнамен бірге тұрады. Үлкен қызы Татьяна отбасымен Новосібір қаласында, ал кенже қызы Наталья – Өзбекстанда тұрады.
Мемлекет тарапынан ардагерге ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Петр Кузьмичке жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Ал Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау хатын және 5 миллион теңгенің сертификатын алды.

1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі – халқымыздың жадында мәңгі сақталатын тірі тарих. Петр Кузьмич Попков – нағыз патриотизмнің, табандылық пен адал еңбектің жарқын үлгісі.