Түркістанда сот екі баланы дәретханаға тастаған тастаған қызды мәжбүрлеп емдеуге жіберді

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі баланы дәретханаға тұншықтырып, бірін өлтірген 16 жастағы қызды денсаулығына байланысты мәжбүрлі емге жіберді. Ол өткен жылдың жазында Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында 3 жасар қызды өлтірді және 5 жасар қызды өлтіруге әрекет жасады деген күдікке ілінген. Сот шешімі күшіне енген.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің «Жас баланы өлтіру» және «Жас баланы өлтіруге оқталу» бабымен айыпталған 16 жастағы қызды денсаулығына байланысты мәжбүрлі емге жіберді.

«Кешенді сот-психиатриялық-психологиялық сараптамасының қорытындысына сай айыпталушы «Шизофрения симптомдары қабаттасқан жіті полиморфты психоздық бұзылу» түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауырады. Оқиға орын алған кезде ол психикалық ауру жағдайында болған. Ол қылмыстық іс үшін маңызды болған іс-әрекеттерді дұрыс қабылдай алмаған және олар туралы көрсетулер бере алмайды». Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Облыстық соттың мәліметінше, айыпталушы екі оқиға бойынша күдікке ілінген. Екі оқиға да Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында болған. Өткен жылдың маусым айында өз үйінің ауласындағы дәретханаға көрші үйдің 3 жасар қызын тастап, қасақана өлтірген. Бір ай өтпей екінші көршісінің 5 жасар қызын дәл сол дәретханаға тастап, өлтіруге әрекет жасаған. 5 жасар қыз аман қалған. Тергеу кезінде күдіктіге сот-психиатриялық-психологиялық сараптамасы екі рет жасалған. Екі сараптама қорытындысында да айыпталушының ауруға шалдыққаны анықталған.

«Ол қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық станционарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалды».

2024 жылы Сіргелі ауылыныда 3 жасар қыз ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен. Күндіз-түні іздеген туыстары мен ауыл тұрғындары оның денесін көршісінің дәретханасынан тапқан еді. Алғашында күдікті табылмаған. Бір айдан кейін дәл осы ауылда екінші бала дәретханаға түсіп, аман қалған. Кейіннен екі баланы да бір адам дәретханаға тастағаны белгілі болып, күдікті қамауға алынған болатын.

Дилара Иса