Түркістан облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы облыстық полиция департаментімен бірге Сырдария өзені мен Шардара су қоймасында балықты аса ірі көлемде заңсыз аулаумен айналысқан адамдарды ұстады. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз балық аулаушылар алдын ала болжам бойынша 10 миллион теңгеден аса залал келтірген.
Түркістан облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы облыстық полиция департаментімен бірге Сырдария өзені мен Шардара су қоймасында балықты аса ірі көлемде заңсыз аулаумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратура хабар таратты.
Сьездхан Абдуллаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы: «Қылмыстық топтың құрамында тікелей браконьерлер, заңсыз ауланған балықты тасымалдау және сату ісімен айналысқан логистер, сондай-ақ бұл қылмыстық әрекетті үйлестіріп отырған ұйымдастырушы болған».
Заңсыз балық аулау үстінде ұсталғандардың жалпы саны 16 адам. Олардың ішінде бұрын дәл осындай қылмыспен айналысып, сотталғандар да бар.
Сьездхан Абдуллаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма басшысы: «Барлығы 12 тінту шарасы жүргізіліп, нәтижесінде бір тоннадан астам заңсыз ауланған балық, 12 қайық пен олардың қозғалтқыштары, 2 мың метрден астам балық аулау торы және басқа да браконьерлікке арналған құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді. Алдын ала келтірілген залал көлемі 10 млн теңгеден асты».
Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Дилара Иса