Түркістанда жұлуға тиым салынған өсімдіктерді қазған 68 шетелдік ұсталды

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жұлуға тыйым салынған кеурек және қызыл мия өсімдігінің тамырын қазып жүрген 68 шет ел азаматын анықтады. Олардың 23-і сот шешімімен депортация жасалған. Қалғанын қылмыстық жауапқа тарту үшін тергеу басталған.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Арыс қаласы, Отырар, Шардара, Сарыағаш және Келес ауданында жұлуға тыйым салынған кеурек пен қызыл мия өсімдігі тамырын қазып жүрген 68 шет ел азаматын анықтады. Облыс әкімінің қаулысымен табиғи популяциясының қалпына келуі үшін кеуректі — 8 жыл, қызыл мияны 5 жыл жұлуға тыйым салынған. Басқарма тарапынан өсімдіктердің заңсыз қазылуының алдын алу үшін жұмысшы топ құрылған.

«Жұмысшы топ өкілдері Арыс қаласы, Отырар, Шардара, Сарыағаш және Келес ауданына арнайы рейд жүргізді. Нәтижесінде Арыс қаласының аумағын аралау барысында Ақдала ауылдық округінен 4 уақытша тұрғынжай және жабайы сасық кеурек өсімдігінің тамырын қазып жүрген 23 шетел азаматы анықталды. Олардың 8-і — Өзбекстан, 15-і — Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты»

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округінен де жабайы өсетін сасық кеурек өсімдігін заңсыз қазып жүрген 45 шетел азаматтары анықталған. Оның ішінде 39-ы — Өзбекстан, 6-уы — Тәжікстан азаматы. Олар ауыл маңынан 4 уақытша тұрғынжай салып, сонда уақытша өмір сүрген.

«Аталған азаматтардың барлығы полиция бөлімдеріне жеткізіліп, 23 шетел азаматы жергілікті соттың шешімімен ел аумағынан аластатылды. Ал қалған 45 шетел азаматы бойынша сотқа дейінгі іс-құжаттар дайындалып жатыр»

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігі алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Дилара Иса