Түркістан облысы Леңгір қаласындағы №55-ші түзеу мекемесінде мекеме қызметкерлеріне қарсылық білдіріп, бүлік шығарған 13 адамға сот үкімі шықты. Жазасын өтеушілердің әрбірі түпкілікті 9 жыл 6 айдан 11 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар айыбын ішінара мойындаған.
«Қылмыстық кодекстің 428-бабы 3 бөлігі бойынша 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, Қылмыстық кодекстің 429-бабы бойынша 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалансын».
Түркістан облысы Төле би аудандық сотында Леңгір қаласындағы №55-ші түзеу мекемесінде мекеме қызметкерлеріне қарсылық білдіріп, бүлік шығарған 13 адамға сот үкім оқылды. Олардың бесеуі «Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау» бабы, ал сегізі осы бапқа қоса «Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу» бабымен кінәлі деп танылды. Сотталушылар бұрынғы жазасының өтелмеген бөліктерін ішінара қосу арқылы әрбірі түпкілікті 9 жыл 6 айдан 11 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.
Нұрмахан Жорабеков, судья: «Рахатдарын Абайұлы Асқарға Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 60-бабы қағидалары бойынша Рахатдарын Абайұлы Асқарға үкімдердің жиынтығы бойынша сот үкімі бойынша тағайындалған жазаға Алматы қаласы Мұхтар Әуезов аудандық сотының 2023 жылғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөліні ішінара қосу арқылы түпкілікті 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Бүлік 2024 жыдың 20 қыркүйегінде Шахта Тоғыс ауылындағы №55 мекемесінде болған. Онда түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған 13 адам және тергеу кезінде анықталмаған бір топ жазасын өтеуші түзеу мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбағаны, қасақана мүліктерді бүлдіріп, мекеме қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, күш қолданған. Бұл сот тергеуінде анықталған.
Нұрмахан Жорабеков, судья: «Олар жалпы қоғамнан оқшаулауды қажет ететін мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастырған. Және топтасып бағынбауға қатысқан. Бұл қылмыстық әрекетті олар мекемеде орналастырылған бейнебақылау камералары қасақана жоя отырып және қоғамнан оқшаулау қызметкерлеріне олардың қызметін жүзеге асыруына байланысты өмірлеріне қауіпті емес және қауіпті күш қолданумен ұштастыра отырып жүзеге асырған».
Сот тергеуінде бүлік кезінде 88 бейнебақылау камерасы, 5 бейнетіркегіш, есік, резина таяғы, әскери радиостанция, орындық сияқты заттар бүлінгені белгілі болған. Жалпы түзеу мекемесіне 5 миллион теңгеден аса, әскери бөлімге 378 мың теңге шығын келген. Сотталушылар айыбын ішінара мойындаған. Олар түзеу мекемесіне келтірген шығынды ортақ тәртіппен қайтаратын болды. Айта кетейік, сот заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса