№54 Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеушілер үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты, сотталған азаматтардың құқықтық және әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету, туыстарымен байланысын нығайту, сондай-ақ қоғаммен өзара түсіністік орнату болды. Жазасын өтеушілердің қандай түйткілді мәселесі бар?
Бейбарыс Адамқұл жастайынан ұрлық жасап, түрмеге тоғытылған. Ол жазасын толық өтемей, шартты түрде босатылған. Яғни, үлгілі тәртібі мен материалдық шығынды өтегендігіне байланысты, жаза жеңілдеген. Бірақ, пробациялық бақылауда бола тұра, заң талаптарын орындамағаны үшін, абақтыға қайта жабылған. Қазір жасы небәрі 20 -да. Тіпті, жеке куәлікте алып үлгермеген.
Бейбарыс Адамқұл, Сотталушы: «Жастықпен ұрлық істеп қойдым. Соған жазамды өтеп отырмын. Осы айдың 6 — на 9 ай болады. Екі жыл 3 айға возврат келдім ғой. ҚР қылмыстық кодексінің 72-73 бабына сәйкес өтініш жазған жағдайда адвокатпен көмектесе алады ма деген өтінішпен келіп отырмын».
Ал, қорғаушы сотталушының үкімін алып, іс-құжаттармен толық танысып шығу керек деп отыр. Тәртіп бұзып қайта келгені қиындық туыдыруы мүмкін дейді. Десе де, жазасын жеңілдетуге мүмкіндік бар екен.
Ләззәт Сүлейменова, Қорғаушы: «Нақты айта алмай отырмын. Бұл кісінің үкімі керек. Өзі мойындап жатыр. Бұл кісінің сұрап жатқаны, условный қайта шығу. Бірақ, условнно шыға алмайды. Осы жердегі тәртібіме қарай, мекемедегі жағдайыма қарап, тегін адвокат берсе деп отыр. Өйткені, жағдайым жоқ деп отыр. Үкімді алған соң, толық көруге болады. Бұл кісінің жеке куәлігі жоқ. Осы жағдайлардың алдында, бүкіл құжаттарын тапсырған. Туу туралы куәлігі бар. Шынымды айтсам, мүмкіндік бар. Бірақ, омнистиямен шығады».
Шымкент қаласы прокуратурасы өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар жазасын өтеушілердің түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді. Сол себепті, қаладағы түзеу мекемелерінде болып, сотталушылардың жағдайымен танысу үстіндеміз дейді прокурор.
Нұрғали Жомарт, Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары: «Соңғы кездесуде күз айында өткізген болатынбыз. Осыған байланысты, заң мен тәртіп аясында кездесуді қайта бастадық. Бес түзеу мекемесі болса, бұл екінші түзеу мекемесінде өтіп отыр. Жалпы, мақсатымыз, осы жерде отырған әрбір сотталған тікелей сұрақтарын мамандарға қойса деп отырмыз. Немесе нақты арзы жазу арқылы, жауабын алу болып табылады».
Айта кетейік, қалалық прокуратураға 2024 жылы жазасын өтеушілер мен олардың туыстарынан 1298 шағым түскен. Ал биыл жыл басынан бері 243 азаматтың арызы тіркелген.
Нұргүл Жолымбетова