Шымкентте құрақ құрау бойынша кәсіби шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шараға бұл салада 24 жылдық тәжірибесі бар маман шақырылып, жергілікті қолөнершілерге авторлық техникасын таныстырды. Мақсат – ұлттық қолөнерді дамыту және тәжірибе алмасу.
Құрақ құрау – тұрмыстық қалдықты өнер туындысына айналдырудың тамаша үлгісі. Бұл – экологиялық тиімділік пен мәдени мұраның үйлесімі. Ұлттық нақыш пен тарихи таным қатар өрілген бұл өнер бүгінде қайта жаңғырып, жаңа буын шеберлерінің қолында түлеп келеді.
Гүлстан Жандосқызы, құрақшы шебер: «Құрақ көрпелерді 5-10 рет жуғаннан кейін, ол деформацияға ұшырайды. Қисайып бастайды, сөгіліп бастайды. Құрақтың ғұмыры өте қысқа болып қалады. 20-30 жыл одан да көп қызмет жасай отырып, уақыт өте келе бұлар өте құнды антиквариатқа айналуы үшін жіпті үзбей отырып, өріп тігетін техникалар бар. Сондай техникамен тіккен кезде қазақтың құрағы дегенге, 50 жыл бұрын тігілген құрақ, 21 ғасырдың 2-ші жарытсында тігілген құрақ деген атқа біз қазір еңбек етуіміз керек сияқты».
Шымкентте өткен шеберлік сабақтары аясында әр ауданнан келген қолөнершілер тәжірибе алмасып, құрақ құраудың заманауи тәсілдерін меңгерді. Бұл шара ұлттық қолөнерді жаңғырту мен дамытуға бағытталған дейді ұйымдастырушылар.
Күлпан Байгүнісова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қаракүл зауытында тері тіккем. Теріден шапка, шубаларды тігіп жүргем. Одан кейін перде тіккем. Пердені мен 20 жыл тіктім. Енді маған құрақ қызық болған соң құрақты үйренгім келді. Бұрыңғы ата-апаларымыздан келе жатқан дәстүр ғой. Соны үйренгім келді ары қарай. Соны жалғастырғым келіп жатыр».
Шеберлік сабағы жаңадан ашылған креативті орталықта өтті. Жалпы бұл орында шығармашылықпен айналысатын азаматтар мен кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптасқан. Мұнда талантты жандар өз идеяларын жүзеге асырып, бірегей өнім жасап, оны нарыққа ұсынуға мүмкіндік алады.
Бубихадиша Жетібаева, Шеберлер одағының мүшесі: «Бізге ата-бабаларымыз таусылмайтын балығы бар қармақ ұстатып кеткен. Енді біз соны ары қарай дамытып, қыздарға шеберлік сабақтарды өтіп, шеберліктерін шыңдау үшін осы жерге жиналып отырмыз. Кез-келген шебер келіп, осы жерде шеберлік сабақтарын өтсе болады. Шеберлік сабақ алам десе де болады. Үйренем десе де болады. Мархаббат. Осы ғимаратта тегін шеберлік сабақ өте берулеріне болады».
Қолөнер шеберлерінің жұмыстары енді тек көрпелермен шектелмейді – құрақ бүгінде интерьерге сән беретін ерекше элементке айналды. Ұлттық нақыштағы дизайнерлік өнімдерге сұраныс та артқан. Ал бұл — шеберлерге шығармашылық көкжиегін кеңейтуге жол ашып отыр.
Лаура Бабас