Жастар арасында жүрек талмасы жиілеп барады

Қазақстанда соңғы уақытта жүрек талмасы еңбек жасындағы адамдар арасында жиі кездесіп жатыр. Бұрын бұл ауру тек қарттарда кездессе, бүгінде тіпті жасы 30-дағы азаматтарда да анықталады екен. Дәрігерлер бұл жағдайды стресс, дұрыс тамақтанбау және тұқым қуалаушылықпен байланыстырады. Олар алдын алу шараларын ұстанудың маңызды екенін айтып отыр.

Қазақстанда жүрек талмасы жасарып барады. Егер бұрын бұл ауру тек 50 жастан асқан адамдарға тән болса, қазір 45 жасқа дейінгілер арасында да жиі кездеседі. Тіпті 30 жасқа толған жастар арасында да жүрек талмасы анықталып жатыр. 2023 жылы жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан 45 мыңнан астам адамның өмірі қиылды, бұл елдегі өлім-жітімнің үштен бірін құрайды.

Диана Биғалиева, «Жүрек орталығы» кардиология бөлімшесінің меңгерушісі: «Бірнеше жыл бұрын бізде 28 жастағы пациент болды, кейін ол 32 жасында жүрек талмасымен қайта түсті. Менің ойымша, мұндай жағдайға тұқым қуалаушылық факторы мен науқастардың өмір салты әсер етті. Бұл өте қауіпті және өлімге әкелетін ауру, ол миокардтың өлуі, қан тамырларының бітелуі, тромбоз және спазмның нәтижесінде пайда болады».

Дәрігерлер жүрек талмасының жиілеуінің бірнеше себептерін атады. Олар: артық салмақ, аз қозғалыс, үнемі стресстің әсері, ұйқының тапшылығы, темекі шегу, есірткі тұтыну және экологияның нашарлығы. Бірақ басты себеп – атеросклероз. Бұл ауру 30 жастан бастап баяу дамиды, бірақ көбінесе алғашқы ауыр жүрек талмасы кезінде ғана көрініс береді.

Луиза Алтынбекқызы, диетолог-нутрициолог: «Дұрыс тамақтанбау және аз қозғалатын өмір салтын ұстану организмде холестериннің артуына алып келеді, бұл жүрек талмасы мен инсульт сияқты ауыр ауруларға әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда көптеген жасөспірімдер энергетикалық сусындар ішеді, олардың құрамында таурин бар. Бұл сусындар нашар қорытылады және организмде май қышқылдарының жинақталуына себеп болады»

Дәрігерлер жыл сайынғы скринингтер мен профилактикалық тексерулердің маңыздылығын ерекше атап өтеді. Тексеріске бірнеше сағат бөлсеңіз, ауыр жағдайдың алдын алуға болады. Жүрек талмасының алғашқы белгілері – кеуде тұсындағы қатты ауырсыну, тыныс алу қиыншылығы және бас айналу. Бұл белгілер байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Уақытында көмек көрсетілген жағдайда заманауи медицина бұл ауруды тиімді түрде емдей алады.

Лаура Бабас