Жетісай ауданында халықтың әлеуметтік дамуы жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Түркістан облыстық Еңбек мобильділігі орталығының жанынан құрылған Жетісай аудандық Мансап орталығы 2025 жылға арналған ауқымды жұмыспен қамту шараларын кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Орталықтың жұмысына жетекшілік ететін Олжас Қаныбеков жуырда тікелей эфир арқылы аудан жұртшылығымен жүздесіп, жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың есебін беріп, тұрғындардың сұрақтарына ашық әрі нақты жауап берді. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді диалогқа негізделген озық үлгі.
Жоспарға сәйкес, 2025 жылы ауданда 11 317 азаматты жұмыспен қамту көзделген. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 4 572 адам жұмыспен қамтылып, межеленген жоспардың 40,4 пайызы орындалған. Жұмыспен қамтылғандардың ішінде 2 837 адам – жұмыссыздар санатынан, 316 адам – нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар қатарынан, ал 1 419 азамат – жұмыс іздеуші ретінде тіркелгендер арасынан тартылған. Әлеуметтік теңдікті басты қағида ретінде ұстанған орталық әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға да айрықша мән беріп отыр. 1 455 әйел мен 1 266 жас азаматтың еңбекке тартылуы – осының жарқын көрінісі.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік және еңбекке бейімделуіне де басымдық беріліп, олардың әлеуметке бейімделуі мен еңбекке араласуы мақсатында нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, 111 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 17-сі – бос жұмыс орындарына, 5-еуі – әлеуметтік жұмыс орындарына, 67-сі – ақылы қоғамдық жұмыстарға, 1-еуі – «Күміс жас» жобасы аясында, тағы 1-еуі – жастар практикасы арқылы тартылса, 18 азамат кәсіпкерлік оқуға жолданған.
Қоғамға бейімделуі күрделі топтардың бірі – пробация есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар. Бұл бағытта да маңызды шаралар атқарылып, 20 адамға квота бөлініп, оның 5-еуі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл – елдегі әлеуметтік жауапкершіліктің нақты нәтижесі.
Ұлттық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында 171 адамды жұмыспен қамту көзделсе, оның 31-і нақты жұмысқа орналасқан. «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы да өз жемісін беріп, 115 адам жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына 705 азамат, жастар практикасына 124 адам, қоғамдық жұмыстарға 1 020 азамат тартылып отыр. Егде жастағы азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы арқылы да 16 адам жұмысқа орналасып, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алды.
Жылдық жоспар бойынша деректер қорында тіркелген 4 966 бос жұмыс орнына 1 243 адам жолданып, тұрақты жұмысқа орналасты. Мемлекеттік гранттар арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 139 азаматты қолдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 350 азамат онлайн оқуға жолданып, жоспар толық орындалды. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 111 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік алды.
Бұл көрсеткіштер – аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың, әлеуметтік бағдарлы саясаттың нақты нәтижесі. Жетісайда әрбір азаматтың еңбек ету құқығы мен мүмкіндігі қамтамасыз етіліп, қоғамдағы белсенділігіне жағдай жасалуда.