Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі жіті бақылауында. Облысқа қарасты Жетісай ауданында да бұл мәселе назардан тыс қалған емес.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов тұрғындармен өткен есептік кездесулер мен жеке қабылдауларда көтерілген ауыз су және санитарлық тазалық мәселелерін зерделеу мақсатында ауылдарды аралап, жауапты сала мамандарымен және ауыл ақсақалдарымен кездесті.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Айтылған сын-ескертпелерді көзімен көріп, тиісті тапсырмалар берді. Бұл туралы Жетісау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алдымен аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Атақоныс, Жаңа ауыл, Қарой және Ынтымақ елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін салу жұмыстарын көрді. Сметалық құны 3,5 млрд теңгені құрайтын нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп отырған «Компания Арай-НС» ЖШС өкілдері өндірістік кестеге сәйкес белгіленген мерзімде нысандарды тапсыратындықтарын айтты.
Сонан соң, Серік Үсенұлы пайдалануға тапсырылған Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Құрбан ата елді мекеніндегі ауыз су нысанында болды. Сметалық құны 481 млн теңгені құрайтын нысан қолданысқа берілген соң анықталған кемшіліктер мердігер «Exclusive Stroy Corporation» ЖШС тарапынан қалпына келтірілген.
Сондай-ақ, елді мекендерді аралау барысында аудан әкімі Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Байдала елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Ауыз судың сапасына сын айтқан азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Орын алған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді жауапты басшыларға тапсырды.