Жетісай ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, ауыл шаруашылығында су тапшылығы мәселесінің алдын алу және егін шаруашылығында өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте, бүгінгі күні еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып отырған тамшылатып суғару әдісін енгізу – негізгі басымдықтардың біріне айналды.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жобалардың жүзеге асу аясын бақылау мақсатында егістік алқаптарын аралап, шаруалармен тілдесті.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Сапар барысында ол жергілікті шаруалармен кездесіп, су үнемдеу технологиясының тиімділігі, артықшылықтары және оны қолдану барысындағы нақты мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Бүгінде Жетісай ауданында отандық агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерінің бірі саналатын ағын суды үнемдеу технологиясы тамшылатып суғару әдісі 5041 гектар аумақта қолданылуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8000 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл — Түркістан облысы көлеміндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып саналады.
Аталған шаралар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сай іске асуда. Тұжырымдама аясында Қазақстанда ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн гектарға енгізу жоспарланған. Оның ішінде Түркістан облысына 216,3 мың гектар немесе жалпы үлестің 16 пайызын игеру міндеттелген.
Бұл жаһандық жылыну процесі мен жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі мен ысырапшылдық сияқты келеңсіздіктердің алдын алуда оң ықпал етері сөзсіз.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңда егістікке қажетті ағын су тапшылығын жою мақсатында тек тамшылатып суғару емес, жылыжай шаруашылықтары мен жылына бірнеше өнім алу тәжірибесі де кеңінен енгізілуде. Мәселен, өткен жылы ауданда 23 гектар жерге жылыжай салынса, биыл бұл көрсеткіш тағы 5 гектарға ұлғайған. Бұдан бөлек, 1158 гектар жерден жылына 2-3 өнім алу тәжірибесі қолға алынған.
Ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу мен тиімді басқару – жай тапсырма емес, стратегиялық маңызы бар іс. Ал бұл бағыттағы Жетісай ауданының жетістіктері еліміздің агроөнеркәсіптік саясатының оң нәтижесін көрсетеді.