Жетісай: Отандық өнімді қолдау – басты бағыт

фото ЖАӘБҚ

Экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың нәтижесінде ауданда өз ісін дамытумен қатар өзгелерді де тұрақты жұмыспен қамтып отырған жандар аземес. Бірі кәсібін енді ашса, енді бірі ауқымын кеңейтуде.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс кестесіне сәйкес Асықата кентінде болып, темір-бетон өнімдерін өндіретін мекеме жұмысымен танысты.
Жеке кәсіпкер Жаңабай Төрегелдиевтің кәсіпорны 2004 жылы ашылған. 21 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. 1 га аумаққа орналасқан мекемеде бетон және бетон жабдықтары шығарылып, мақтаны терең өңдеу жұмыстары жүргізіледі. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның 20 дана техникасы бар. Өнімдерін жеткізіп беру қызметімен қоса есептегенде өзге кәсіпорындардан бағасы 10-15 пайызға төмен.

Сапа стандарттарына сай келетін өнімдерге өткен жылы түрлі мекемелер тарапынан түскен тапсырыстар негізінде 35 мың шаршы метр бетон плиталар, 3 мың дана кәріз құбырлары, 20 мың текше метр дайын бетон, 180 мың метр автарка, 150 мың метр ватин және 20 мың дана тігін көрпе-төсектері дайындалған.
«Біз бірінші кезекте өзіміздің өнім өндіруші кәсіпкерлерімізді қолдауымыз керек. Кәсіпкерлеріміздің жұмысы жанданса салығымыз көбейеді. Салық көбейсе, тұрғындардың инфрақұрылымды жақсарту бойынша өтініштерін орындау мүмкіндігіміз де артады. Мұның бәрі түптеп келгенде азаматтарымыздың жайлы ортада өмір сүрулерінің алғышарттары»,- деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Серік Үсенұлы кәсіпкердің өз қаржысы есебінен салынып жатқан 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. 2 бөлмелі әр пәтердің аумағы 60 шаршы метр. Өткен жылы қазығы қағылған нысанның құрылысын маусым айында толық аяқтау жоспарланып отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған соң көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та салынатын болады.