Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекемелердің басшыларымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағында болып, 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысанның алғаш қазығы 2019 жылы қағылғанымен, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалған болатын. Аудан әкімдігі тарапынан жауапсыз мердігермен жасалған келісім-шарт бұзылып, нысанды қайта қаржыландыру, құрылысты толық аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үй және 5 қабатты 20 пәтерлі бір тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.
1500 орындық «Жайлы мектеп» пен Жаңа буынды дамыту орталығының (оқушылар сарайы) құрылыс алаңдары да тексерілді. Білім ұясын биыл падалануға беру жоспарлануда. Бүгінде мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Ал, ауданда алғаш бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ. «Real Stroy Invest» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, мұнда оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін түрлі спорт және өнер, пәндік және балалардың ой-өрісін дамытатын логикалық үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, Жетісай ауданына жасаған іссапары барысында аппарат басшысы Ж.Ералиев Бәйтерек елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияда болды. Денсаулық сақтау нысаны биыл қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Амбулатория заманауи үлгіге медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларымен кездескен Еркебұлан Дауылбаев жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескертіп, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.