Жетісай: Тазалық бар жерде тәрбие де бар

фото ЖАӘБҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының бағыттарының бірі-қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жетісай ауданы халқы осы акцияға басталғалы белсене қатысып келеді.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың өзі жауапты сала басшыларымен, құқық қорғау орган қызметкерлерімен бірге күнделікті қала көшелерін жаяу аралап, санитарлық тазалық пен ретсіз сауда нүктелеріне, қызыл сызыққа салынған құрылыс нысандарына тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен тілдесіп, қоршаған ортаны таза ұстау, заңсыз саудамен айналыспау және күн көріс қамы үшін автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеу, қауіпті жағдай тудырмау керектігін, тәртіпке бағынбаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар көрілетіндігін түсіндіріп, бей-берекет ілінген жарнамалық хабарламаларға талдау жүргізді. Кәсіпкерлік нысандарға жұмысын жүргізуде қаланың көркін бұзбауды, кәсіпкерлік нысанға жапсарлас 5 метр аумақтың санитарлық тазалығы, көшелерді су басуы қауіпінің алдын алу мақсатында арық-атыздардың тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан таза болуы керектігін ескертті.

Шаһар басшысына анықталған кемшіліктерді көп ұзартпай жоюды, қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізуде жаңаша жобалар жасауды тапсырды.
Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік жұмыстары да жиі жүзеге асады. Тағы да жұртышлық жаппай сенбілікке шықты. Тазалық шарасына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ерікті азаматтардан, белсенді жастар мен экожанашырларынан 3 мыңға жуық адам, 24 техника жұмылдырылды.

Санитарлық тазалық жұмыстарына қатысушылар негізінен аудан шекарасынан бастап қала, кент және ауылдық округтерге, елді мекендерге кіре беріс аумақтар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, саябақтардың, скверлер мен аллеялардың, автожолдар мен тұрғындар көп жүретін орындардың маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, шөптерін шапты. Қураған ағаштарды бұтады. 30 тоннаға жуық күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.