Жетісайда шаруалар мемлекеттік қолдаудың жемісін көруде

фото ЖАӘБҚ

Жетісай ауданы – Түркістан облысындағы аграрлық әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы бағытында үлкен тәжірибесі мен жетістіктері бар өңір. Ауыл шаруашылығы саласы – аудан экономикасының негізгі драйвері десек қателеспейміз. Өйткені, ол үшін ауданда барлық потенциал бар.

Жетісай ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде бір алқаптан 2-3 өнім алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Жылыжайдың жұмысын жандандырып, табысын арттырып отырған шаруа қожалықтарының бірі Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Булиш Ата» шаруа қожалығы. Бір жерден жылына 2 өнім алып, 10 млн теңге таза табыс тауып отыр.
Екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайызбен 5,7 млн. теңге несие алып, жылыжай салған қожалық төрағасы Бахадур Булишев иелігіндегі 0,14 га жеріне қызанақтың ерте пісетін голландиялық сортын еккен. Ол тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы биыл 14 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Қызанақ – Б.Булишевтің жылыжайдағы екінші өнімі. Мұның алдында, қыста 300 мың түп баклажан көшетін өндіріп сатқан.
«Бұған дейін тек көшет өндірумен ғана айналысып, жылыжайды тиімді пайдалана алмаған екенмін. Қазір жылына 2 өнім алуды қолға алдым. Қысымен көшет баптап, ерте көктемде сатамын. Кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы немесе баклажан егемін. Осылайша отбасылық ісімізді дөңгелетіп, табыс тауып отырмыз»,- дейді Бахадур Булишев.