Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдайтын жыл сайынғы Жолдауында өңірлер мен елді мекендерде бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу жайындағы бастамасын жүзеге асыруды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Жетісай ауданында жуырда тағы бір спорт алаңшасы қолданысқа берілген еді.
Бүгінде жұмысын бастағанына көп болмаса да биік белестерді бағындырып, бұқаралық спортты дамытуда өзіндік үлесін қосып келе жатқан Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Жетісай спорт клубы» мекемесі тағы бір оқу жылын табысты тәмамдады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, ашылғалы бері жастар мен ерексектер арасында спорттың бірнеше түрінен лигалар ұйымдастырып, қала, кент, ауылдық округтерден спорттық үйірмелерді ашты. Ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында жергілікті жерлерден спорт нұсқаушыларын жұмыспен қамтыды.
Ондағы мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасында орын алуы ықтимал қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау, дағдыландыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты дамыта отырып дені сау ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ел чемпиондарын дайындау болып табылады.
Бүгінде 29 жаттықтырушысы мен 13 нұсқаушысы бар клубта бокс, баскетбол, волейбол, еркін күрес, үстел теннисі, футбол, шахмат және таэквондо сынды спорт түрлерінен ашылған 71 топта мыңға тарта жасөспірім тұрақты түрде шұғылдануда.
Өткен оқу жылында клуб тарапынан қалалық және ауылдық жерлерде түрлі деңгейлердегі 71 спорттық жарыстар өткізіліп, 4500-ға жуық адам қамтылған.
Клуб қызметкерлері жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақты спортты сүюге, оны серік етуге баулу арқылы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастыруға күш салып келеді.
Жаттықтырушылардың тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде 1 жылда 101 жасөспірім спортшы бокс, таэквондо, волейбол, үстел теннисі мен футбол сынды спорт түрлерінен түрлі спорттық санаттарды алса, бокс пен еркін күрестен, футбол мен волейболдан 6 жаттықтырушымызға І және ІІ-дәрежелі жаттықтырушылық санаттарды иеленген. Одан бөлек, 4 ҚР спорт шебері және 12 спорт шеберлігіне үміткер жаттықтырушылары бар клуб мүшелері 2024-2025 оқу жылында Халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жекелей және командалық есепте 126 алтын, 94 күміс пен 153 қола медальдарды иеленген.
«Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтардың нәтижесінде бүгінде аудандағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде спорттық үйірмелер ашып, тиісті жұмыстар жүргізіп келеміз. Жылдан-жылға түрлі деңгейдегі жарыстарда жеткен жетістіктеріміз де еселеніп келеді. Біз осы жетістіктерімізбен тоқтап қалмай жұмысты жандандыра түсетін боламыз», — дейді «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев.