Жетісайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілуде

фото ЖАӘБҚ

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған факторларының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», деп атап өткен еді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет.
Түркістан облысы Жетісай ауданында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары назардан тыс қалған емес. Жетісай ауданы әкімі аппараты, аудан әкімдігінің дербес бөлімдері, сондай-ақ қала,кент пен ауылдық округтердің әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілуде. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» №4 үлгілік базалық бағыты жобаларын орындау жөніндегі нұсқаулық негізінде жүзеге асырылуда.

Аталған іс-шара аясында Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Е.Алданиязовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері бойынша жария талқылау жиыны өтті.

Талқылау барысында сыбайлас жемқорлыққа ықпал етуі мүмкін факторлар қарастырылып, ішкі рәсімдердегі олқылықтар мен тәуекелдер жайы талқыланды. Талдау қорытындысы бойынша аппарат басшысы бірқатар ұсыныстар беріп, оларды іске асыру мақсатында жауапты бөлімдер мен лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, бақылау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ тұрғындармен кері байланысты нығайту мәселелері де күн тәртібінде көтерілді.

Жиын барысында ауданның әрбір құрылымдық бөліміне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жеке жұмыс жоспарларын әзірлеп, тиімді орындау қажеттілігі ескертілді. Ішкі талдау нәтижелерінің орындалуы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болмақ. Бұл шара Жетісай ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және ашықтық қағидатын ілгерілету жолында маңызды қадам болып саналады.