Жолақысын төлемей қашқандар айыппұл арқалады

фото ҚМА

Жолақысын төлеңіз! Себебі, қоғамдық бақылаушылардың қолына түссеңіз, қашып құтыла алмайсыз. Бұған кезекті бақылау барысында жолақысын төлеуден жалтаруға тырысқандарды қуып жетіп, айыппұл салған бақылаушылардың әрекетінен кейін толық көз жеткіздік. Сонымен, жыл басынан бері қанша адам тәртіпке бағынбады? Қанша адамға қатысты хаттама толтырылды? 

Жолақысын төлемеу, әкімшілік құқықбұзушылыққа жол беру. Сондықтан, автобусқа мінген бетте, жолақысын төлеуге тырысыңыз. Әйтпегенде, екі айлық есептік көрсеткіште айыппұл арқалайсыз. Десе де, кейбір қала тұрғындары тегін жүріп үйренгенге ұқсайды. Олар жолақысын төлемегені аздай, қашып құтылуға тырысты. Бірі дүкенге қашты, екіншісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтті. Тұрғындар бұл әрекетін түрлі жағдайда түсіндіруге тырысты.

«Каспимен енді төлемекші едік. Өзімде каспи жоқ. Жанымдағылардан төлетейін деп отыр едім. Мен үлгермей қалдым. Түсіңіз деді. Алдағы аялдамадан міндім. Қашу емес, магазинге кірдік біз».

Бұл күнделікті кездесетін жәйт дейді бақылаушылар. Айтуларынша, күндігіне 10 — нан астам адамға хаттама толтыруға әрекет жасайды. Кейбірі полиция қызметкерлері келгенше кетіп қалады дейді. Күшпен де ұстап тұра алмаймыз дейді. Ал, күшейтілген режимде жұмыс жасасақ, бір бағыттағы автобуста 100 — деген адамдар жолақысын төлемегені белгілі болады деп отыр.

Зәуре Лесбекова, қоғамдық бақылаушы: «Бақылау күшейтілген кезде, сол күні 101 бағыты мәселен, қауырт болмаған  күні 200 болса, біз шыққан күні 300-350 — ге көтеріледі. Себебі, халық төлейді. 14 автобус шықса, бәрін тексереміз. Оны таксопарк көреді. Сонда 100-150 адам ауада жүреді. Жолақысын төлемей».

«100-150 адам жолақысын төлемейді деген дерек рас болды ма?» деп қалдық. Өйткені, біз мінген автобуста жолақысын қолма-қол жүргізушіге бергендер де, кешігіп төлегендер де табылды.

45 бағыттағы автобусқа мініп жатырмыз. Жолаушылардың билетін тексеретін боламыз. Бұл автобусқа қоғамдық бақылаушылар мінген кезде, автобустағы аппараттар міндетті түрде өшіріледі.

«Мына кісі төлемеген. Мына кісі жүргізушіге беріп қойған».

«Сіңлім екі адамға төледі ғой. «Тәуелсіздіктен» міндік. 140 теңге бердік. Қолданбаймын автобусты, келесі де төлейміз».

«Мен бердім ғой. Осы кісіге бердім. Ал мен алмадым».

Күнделікті 30 -дан астам қоғамдық бақылаушы, әр автобусқа мініп, тексеруге алады. Сондықтан, сылтау айтып құтыламын деп, ойламаңыз дейді жауаптылар.

Жомарт Қамидоллин, «Smart Mobility» ЖШС -нің директоры: «Тұрғындардан сұрайтынымыз қолма-қол төлемеуді және қолыңызда электронды билеттің болуын және де автобусқа міндетті түрде кірген бетте төлеуді сұраймыз. Айта кетер жайт, бұл қызмет түрі, міндетті түрде төленуі тиіс. Бұл жерде құқықбұзушылық болған соң, ескерту берілмеген. Счеты аресте болса, автобус қосымшасын толтырып алсаңыз болады. Өзге біреуден толтырып аласыз. Одан бөлек, көлік картасы бар. Сол көлік картасымен төлеп жүре бересіз».

Айта кетейік, жыл басынан бері, 1330 -дан астам адамға әкімшілік хаттама толтырылып, әр тұрғынға 7864 теңге айыппұл салынған. Ал, егер айыппұлды 7 күн ішінде өтейтін болсаңыз, көрсетілген сумманың жартысын төлей аласыз.

Нұргүл Жолымбетова