Шымкент қаласының аумағында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу болып табылады.
Рейдтік іс-шаралар барысында қалалық Полиция департаментінің, бес аудан бойынша жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің, ерікті жастардың қатысуымен мейрамханалар, ойын-сауық орындары, саябақтар мен көшелерге тексеру жүргізілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, білім және денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының өкілдері тартылды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылданып, бақылау күшейтілуде. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде және компьютерлік клубтарда, ал 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынған.
Рейд барысында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, олардың түнгі уақытта сыртта жүру себептерін анықтады. Нәтижесінде, ата-анасының қарауынсыз жүрген 12 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, құқықбұзушылық жасауға бейім 10 жасөспірім және балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 4 отбасы анықталып, олар Ішкі істер органдарының есебіне алынды.
Іс-шара қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында барлығы 154 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді.