«5 адам қайтыс болып, 4 адамды күйік шалды»: Шымкентте өрт саны екі есеге өсті

Шымкетте өткен 6 айда 200-ден аса өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға артық. Биыл өрттен 5 адам қайтыс болып, 4 адамды күйік шалған. Құтқарушылар күн ысығалы өрт әдеттегіден екі есе артқанын айтады. Мамандар тұрғындарға қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтауды, әсіресе балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береді.

Шымкентте шіліңгір шілдеде өрт оқиғалары екі есеге артқан. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, күнде орташа есеппен 40 оқиға тіркеліп жатыр. Бұл әдеттегіден қарағанда екі есе артық. Көбіне өрт тұрғын үйлер мен көліктерден шығып жатыр.

Нұрболат Педин, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы: «Басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында орын алып жатыр. Одан кейін екінші орында автокөліктерде өрт орын алып жатыр. Негізгі себептеріне тоқталатын болсақ абайсызда өрттің болуы, электр сымдарының қысқа тұйықталуы, монтаждау жұмыстарын дұрыстап жүргізбеу, әсіресе жеке тұрғын үй секторларында шөп жиналған қораларда ескі сымдар, сыртқы изоляциясы шіріген сымдардың тұйықталуы».

Мамандар тұрғындарға қарапайым өрт қауіпсідігін сақтауды, әсіресе балаларды үйде қараусыз жалғыз қалдырмауға кеңес береді. Мысалы, биыл отпен ойнаған бір үйдің екі баласы күйіп, қайтыс болған.

Нұрболат Педин, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы: «Жазғы өрт қауіпті маусымының басталуына байланысты, күннің ысуына байланысты 5-класты өрт қауіпті кезеңінің жиі орын алуына байланысты тұрақты күшейтілген тәртіпте үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Рейдттік жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әсіресе рейдтік іс-шаралар бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша әкімшілік шаралар қолдануды күшейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 28 тұлғаға әкімшілік шара қолданылған. Нәтижесі бойынша 668 мың теңгеден астам айыппұл салынған».

Жыл басынан бері Шымкентте 200-ден аса өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға артық. Биыл өрттен 5 адам қайтыс болып, 4 адамды күйік шалған.

Дилара Иса