Түркістаннан Абай облысына ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген керуен жолға шықты. Семей қаласына бағыт алған жүк көліктеріне 540 тоннадан астам өнім тиелген. Керуен құрамында көкөніс, бақша дақылдары, жеміс-жидек, балық және жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарының тауарлары бар. Бұл өнімдер тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен ұсынылады.
Түркістан облысынан жүк көлігіне тиелген 540 тоннадан астам өнім Абай облысына жөнелтілді. Құрамында көкөніс, бақша өнімдері, жеміс-жидек, балық пен қайта өңделген азық-түлігі бар керуен Семейде өтетін жәрмеңкеде саудаланады. Яғни, 2 және 3 тамыз күндері киелі шаһардың өнімдері Шығыс жұртына арзан бағада ұсынылмақ.
Асқар Ақжолов, Жаңабазар ауылдық округінің әкімі: «Бізде картоп, қызанақ, қияр, жүзім, алма, қауын, қарбыз барлық өнімдер бар ғой енді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге өте қолайлы аудан болғаннан кейін осы өнімдерді бізге облыс жүктеп берген болатын. Сол өнімдерді қазір алып шығып отырмыз. Басқарма, облыс басшылығы белгілеп берген қалаларға барамыз. Әрдайым шығып тұрамыз. Енді бұл жолы Семей қаласы болып тұр. Астанаға да барамыз. Алматы қаласына да барып жатырмыз. Қай қалаға тапсырма түседі, сол қалаларға барып ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалаймыз»
Іс-шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және қос облыстың әріптестік келісіміне орай қолға алынды. Екі күнге жоспарланған «Түркістан облысының мәдени күндері» аясында Семейде концерттік бағдарламалар да өтеді. Түркістандық өнерпаздар мен тауар өндірушілер «Арена» мәдени-спорт кешенінде сондағы жергілікті халыққа арнап мәдени шара ұйымдастырады.
Ермұхаммед Құралбеков, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Жалпы 194 тонна көкөніс, 81 тонна картоп, бақша дақылдары бар 70 тонна жобасында. Одан бөлек 167 тонна әртүрлі қайта өңдеу кәсіпорындары, балық, басқа да дақылдарымыз бар. Бұның барлығы Түркістан облысының 16 аудан қаласына тиесілі. Осы Абай Құнанбайұлының 180 ж мерейтойына орай Семей қаласында ұйымдастырылып жатқан іс-шарамыз»
Қоса кетейік, Түркістан облысы — ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 14,2 пайызы осы облысқа тиесілі. Биыл егіс көлемі ұлғайып, жалпы 890 мың гектар жерге дән себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға көп.
Лаура Бабас