Әйелін суицидке итермелеген сотталушы ата-ана құқығынан айырылды

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарарлық соты әйелін суицид жасауға итермелеп, бір жарым жылға сотталған 51 жастағы Мұхитжан Сейдуәлиевті ата-ана құқығын шектеп, балалары кәмелет жасқа толғанға дейін алимент төлеуге міндеттеді. Марқұм әйел мен сотталушының ортақ 7 баласы бар. Олардың бесеуі кәмелет жасқа толмаған.

Шымкентте әйелін суицид жасауға итермелеп, бір жарым жылға сотталған 51 жастағы тұрғынның ата-аналық құқығы шектелді. Шешімді Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарарлық соты шығарған. Қалалық соттың дерегінше, қалалық білім басқармасының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған бөбектер үйі сотқа Сейдуәлиевті кәмелет жасқа толмаған 5 баласына қатысты ата-ана құқығын шектеу және алимент өндіру туралы талап арыз түсірген. Балалардың үлкені — 16 жаста, кенжесі 3 жаста.

«Сотта анықталғандай, балалардың анасы қайтыс болған, әкесі қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Қазіргі таңда, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы үкімімен жауапкер Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған», деп хабарлайды Шымкент қалалық соты.

Сот жауапкер Мұхитжан Сейдуәлиевті 5 баласына қатысты ата-ана құқығы шектеді. Оған қоса сотталушыдан балалары кәмелетке толғанға дейін алимент өндіретін болды.

«Сот аталған мән-жайларды және «Неке және отбасы туралы» кодекстің «Ата-ана құқықтарын шектеу» бабын назарға алып, талап қоюды қанағаттандырды»
Шымкент қалалық соты

Марқұм әйел мен Сейдуәлиевтің ортақ 7 баласы болған. Олардың екеуі – кәмелет жасқа толған. Марқұмның тұңғышы балаларды өз қарауына алу үшін басқармаларға құжат өткізген. Қазірге балалардың қайда қалатыны беймәлім.

Еске сала кетейік, биыл 5 ақпанда Шымкенттегі «Күншығыс» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласынан әйелдің денесі табылды. Марқұм тұрғын үйдің 3 қабатындағы ас бөлменің терезесінен секіргені мәлім болды. Көп өтпей күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуі қамауға алынған еді.

Дилара Иса