Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылындағы ішкі көшелердің тазалық жағдайын бақылап, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы ауыл көшелерін жаяу аралап, абаттандыру және санитарлық тазалық бағытындағы бірқатар олқылықтарға назар аударды.
Аудан басшысы жуырда ғана сайланған Абай ауылының әкімі Асылбек Жұмановқа ауылдың көркеюі мен тұрғындар жайлылығы жолында нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әсіресе, №13 колледж маңындағы тұрғын үйлерінің айналасын абаттандырудың маңыздылығына тоқталып, бұл аумақты ретке келтіруді шұғыл қолға алу қажеттігін баса айтты.
Тұрғындарды тазалық жұмыстарына жұмылдыру арқылы ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін ескертіп, мұндай шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастыру қажеттігін ұсынды.
— Абай ауылын көркейту – бәріміздің ортақ міндетіміз. Тазалық пен тәртіпке мән беріп, мұны күнделікті мәдениетімізге айналдыруымыз қажет, — деді аудан әкімі.
Аудан әкімі жауаптыларға нақты мерзімдермен бекітілген тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын тікелей бақылап отыратынын жеткізді. Алдағы уақытта Абай ауылында тазалық пен тәртіпке қатысты кешенді жұмыстар жалғасатын болады.