Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ Шымкенттен ұшқан. Тікұшақтың экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаев Түркістан облысы Төлеби ауданы Ленгер қаласында туған. Ол 11 жылдан бері әскери қызметте, ұшқыш болып жұмыс істейді. Су қоймасында іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған әскери тікұшақ пен экипаж мүшелерінің іздестіріліп жатқанына аптаға жуықтады. Оқиға орнында құтқарушылармен бірге әскерилер де жүр. Кеше су қоймасына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та барды.
Қорғаныс министрлігі жариялаған видеоға қарағанда, су қоймасы маңынан тікұшақтың қалдықтары мен экипаж мүшелерінің жеке заттары табылған. Іздестіру жұмыстарының басында жоғалғандардың туыстары да жүр. Тікұшақ бортында үш адам болған. Экипажды майор Нұржігіт Үйсінбаев басқарған. Олар 15 күн іссапарда болып, 25 шілде күні таңғы сағат жетіде Шымкенттен ұшқан. Сағат тоғызда Луговойға жанар-жағармай құю үшін тоқтап, қайта ұшқан.
Экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың інісі Ержігіт Үйсінбаевтың айтуынша, 33 жастағы ағасы межелеген жеріне қонғанда хабарласатынын айтқанымен, байланыс үзілген.
Нұржігіт Үйсінбаев Түркістан облысы Төле би ауданы Ленгер қаласында туған. Ол анасымен бірге Алматы қаласында өмір сүрген. Отбасындағы екі баланың үлкені. 2010 жылы Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына «Ұшқыш» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2014 жылы лейтенан шенімен тәмамдаған. 2014 жылдан бастап Алматы қаласындағы гарнизонға ұшқыш болып жұмыс істеген.
Ержігіт Үйсінбаев, экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың інісі: «Ұшып жүргеніне 11 жыл болды. 2014 жылдан бері ұшады. Бір жыл тоқтамаған. Бір ай тоқтамаған. Жыл сайын өтетін емтихан тестерінің бәрін өтіп, бірінші санаттағы ұшқыш бұл командир экипажы осы менің ағам».
Ержігіттің айтуынша, ағасы қарапайым болғанымен мінезі әскери адамдарға сай тік, қатал болған. Ұшқыш болуды кішкентайынан армандаған. Ол заңға тәртіпке бағынатын, ұшу сызығынан өз бетінше ауытқуы мүмкін емес дейді. Үйден шыққанда Нұржігіттің көңіл-күйі де, денсаулығы да жақсы болған.
Ержігіт Үйсінбаев. экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың інісі: «Көңіл-күйі, денсаулығы бәрі жақсы еді. Бәрі жақсы, ойнап-күліп жүрді. 24 шілде күні бізде күн ыстық болды. Тал түсте сыртқа шығып, үй алдындағы тірліктерді істеп жүрді. «Күн жанып тұр, үйге кіріп отыр» дедім. «Қоя берші, жатқым келмей жатыр» деп кірмей қойды. Сол күні кешке дейін қимылда жүрді».
Ержігіт Үйсінбаев 26 шілдеден бері оқиғаның басы-қасында жүр. Кеше Нұржігіттің жеке заттары су бетіне шыққан. Жуынатын заттары, телефон қуаттағышы, анасы сыйлаған су құятын термосы табылған. Ал анасының қан қысымы көтеріліп кеткен. «Тікұшақтың құлағанына әлі сенбей жатырмыз, қайтеміз енді» дейді Ержігіт Үйсінбаев.
ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні радардан жоғалып, онымен байланыс үзілген. Оның бортында үш экипаж мүшесі болған. Әскери техника мен экипаж мүшелері әлі табылған жоқ. Құтқарушылармен бірге экипаж мүшелерінің туыстары да сонда жүр. Олармен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов кездескен.
Дилара Иса