Шілденің шіліңгір ыстығы Шымкентті әлі біраз әуреге салмақ. Синоптиктердің мәліметінше, 29 шілдеге дейін күн 38-40 градустан төмендемейді. Мамандар аптап ыстық күндері балалар мен қарттардың денсаулығына ерекше назар аудару қажет дейді.
Шымкентте аптап ыстық әлі бірнеше күнге жалғасады. Синоптиктер 29 шілдеге дейін күн 38-40 градусқа дейін ыстық болатынын ескертеді. Жаз басталғалы мегаполисте бірнеше рет ауа температурасы рекорд жаңартқан. Жаз бойы ең жоғарғы көрсеткіш – 44,4 градус болыпты. Бұл әдеттегі климаттық нормадан әлдеқайда жоғары дейді мамандар.
Мейірбек Қахарбеков, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі: «38-40 градус қатты ыстық 29 шілдеге дейін күтіледі. 29 шілдеде ыстықтың беті 34-36 градусқа дейін төмендейді. Ал желге келетін болсақ 23 шілдеге дейін сол шығ желдері тұрады. Ол желдің екпіні күндіз 15-20 м/с дейін күшейеді»
Дәрігерлер мұндай күн райында далада ұзақ жүрмеуге, сұйықтықты көп тұтынуға және күннің ең қызу шағында көлеңкеде болуға кеңес береді. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары, қан қысымы, қант диабеті сынды созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақтық қажет.
Райгүл Есеналиева, Шымкент жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бөлім меңгерушісі: «Күнге шыққан кезде ең бастысы бас киім болу керек. Ашық түсті киім киген дұрыс. Көбірек душ қабылдап, суды көбірек ішу керек. Мұздай су емес, салқындатылған су ішу керек көбірек. Тамақ ашып қалмау үшін 1 күндік қана тамақты дайындап ішкен дұрыс. Ертеңге қалдырмай. Себебі күннің ыстығына байланысты тағам тез бұзылады».
Аптап ыстықтың бәсеңдеуіне әлі бір аптадай уақыт бар. Сондықтан мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырады. Ал алдағы күндері температура сәл төмендегенімен, жаздың соңына дейін күн райы қайта ысуы мүмкін дейді синоптиктер.
Лаура Бабас