Аптап ыстықта жолда қалған тұрғындар автобус жүргізушілеріне наразы

«Шымкенттегі №52 бағыттағы автобус жолаушыларды жол ортасынан түсіріп кетті». Осылай деп шағымданған тұрғындар әлеуметтік желіге видео жүктеді. Олардың айтуынша, бұл бағыттағы қоғамдық көліктер мұндай салғырттыққа бірінші рет барып тұрған жоқ. Жолаушылар бұған дейін де талай рет жолда қалған. Ал, жергілікті жауапты басқарма газ құю станциясының аздығын алға тартып отыр. Тұрғындар қай уақытқа дейін жолдан түсіп қалу керек?

Шымкенттегі №52 бағыттағы автобуспен қатынайтын тұрғындар талай рет діттеген жеріне жете алмай, әбден әбігерге түскен. Бұл көріністі Мөлдір Кенжебай есімді желі қолданушысы әлеуметтік желіге жүктеген. Қалалықтардың айтуларынша бұл бірініші жағдай емес. Сөзінше жүргізушілер кез—келген аялдамадан тоқтап, сұйытылған газ таусылды деген сылтау айтып, жолдан тастап кетеді екен. Аптап ыстықта күнге қақталған жолаушылар, шағымданып та үлгерген. Алайда, бұқараның мұңы ешкімді алаңдатпаған секілді.

«Газ жоқ дейді. Бірақ оталып тұрғанына біраз болды. 15 минуттан асты».

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарына хабарласып, нақты жауап ала алмадық. Алайда, баспасөз қызметінің өкілдері әлеуметтік желіде пікір білдірген. Әдеттегідей, қоғамдық көлікке қатысты мәселе назарға алынғанын жеткізген. Сондай-ақ, газ құю станциясының аз екенін алға тартқан. Яғни, автобустар түскі уақытта жолаушылар ағыны төмендеген кезде жанармай құю үшін уақытша маршруттан шығады екен. Кейіннен қайта оралады делінген хабарламада.

«Аталған маршрут сығымдалған газбен жүретіндіктен, қала аумағында газ құю қызметін көрсететін тек екі станция ғана жұмыс істейді. Бұл станциялардың қуаттылығы барлық автобустарға үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, автобустар түскі уақыттарда – жолаушылар ағыны төмендеген кезде – жанармай құю үшін уақытша маршруттан шығып, кейін қайта оралады. Аталған мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылдың тамыз айының соңында үшінші газ станциясының ашылуы жоспарланып отыр. Жаңа станция іске қосылғаннан кейін №52 автобус маршруты бекітілген кестеге сәйкес тұрақты және уақытылы жүретін болады», деп хабарлады Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Қалаған жерде тоқтап, тұрғындарды түсіріп кету, №52 бағытта жұмыс жасайтын жүргізушілерге үйреншікті жайт секілді. Өйткені, былтыр да осы бағыттағы қоғамдық көліккке шағым айтып, жауаптылардан көмек іздегендер болған. Алайда, баяғы жартас, сол жартас дейді тұрғындар. Ал тамыз айында үшінші станция іске қосылғаннан соң мәселе шешіле ме? Бұл уақыт еншісіндегі сұрақ.

Нұргүл Жолымбетова