Әлеуметтік желіде Шымкенттегі №21 бағыттағы қоғамдық көлікте шу шығарған жолаушылардың видеосы кеңінен тарап кетті. Полиция олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Автобус жүргізушілері жолаушылар тарапынан тәртіп бұзу жиі болатынын айтады.
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі №21 бағытта жүретін автобустағы жанжал туралы видео кең таралып, қызу талқыға түсті. Онда ашуға булыққан екі әйелдің айқайын, балағат сөзін, соңында автобусты әлденемен ұрғанын байқауға болады.
Видео желіде тарағанына көп өтпей полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Тергеу амалдары басталған. Жанжалдың неден шыққаны анықталып жатыр.
«Аталған жайт бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу барысында процессуалды шешім қабылданатын болады»
Шымкент қалалық полиция департаменті
Автобус жүргізушілерінің айтуынша, қоғамдық көлікте жолаушылар қоғамдық тәртіпті жиі бұзады дейді. Бірі балағаттайды, енді бірде бірімен-бірі сөзге келіп, шу шығарады. Бұл жүргізушінің көңілін бұрып, жол қауіпсіздігіне әсер етеді дейді.
«Автобус ішінде тіртіп сақтамайтындар жиі кездесе ме?» «Жиі кездеседі көп ондайлар. Күніне қаншама адам бар. Мазаңды алады. Жүргізушілерге кедергі етеді. Айқай салады. Ондайлар көп қой негізі».
«Жолаушылардың өзі бір бірімен көп ұрсады орынға таласып. Көп шулайды. Түс десең түспейді. Сосын амал жоқ тоқтап тұрасың түскенше. Араласамыз шамамыз келгенше. Көнетіні бар, көнбейтіні бар».
«Маған бір не болған, кемпір кісі де енді. Машина сілкініп жатыр, анау-мынау дейді. Машине ғой бұл. Сөйтіп шағым айтып кетті. Біздің нервке тиеді ғой. Жасымыз нешеге келді. Жақсы айдай алмайсың десе не боласың? Барымызды айдап жатырмыз. Неше жыл стажым бар, мысалы. Көрпе емес қой бұл, машина ғой. Қимылдайды ары-бері. Одан артық не істеуіміз керек?».
Еске салайық, өткен айда Шымкенттегі Бекжан базары маңында жолақысын төлемеген жолаушы серіктерімен №52 бағыттағы автобус жүргізушісі 34 жастағы Мақсат Жолаевты сабап, басын балғамен жарып, жағын карсетпен ұрып жыртып кеткен. Оқиға жолаушыға жолақысын төлеуді талап еткеннен кейін болған.
Дилара Иса