17 шілде күні кешке Шымкенттегі қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекемеден президент Конституцияның 30 жылдығына орай жариялаған рақымшылыққа ілінген 5 әйел бостандыққа шықты. Олар «Алаяқтық» бабы және «Ұрлық» бабымен сотталып, жазасын өтеп жүрген. Мекеме дерегінше, жалпы рақымшылыққа 15 жазасын өтеуші ілінген. Он әйелдің жаза мерзімі қысқарған.
Шымкенттегі қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекеме 250-ден аса әйел жазасын өтеп жүр. Олардың ішінде 15 әйел президент Конституцияның 30 жылдығына орай жариялаған рақымшылыққа ілінген. 5 әйел бостандыққа шығып, 10 әйелдің жаза мерзімі қысқарған.
Бостандыққа шыққан әйелдердің бірі «Ұрлық» бабымен, енді бірі «Алаяқтық» бабымен істі болған. Олардың дені рақымшылыққа ілінетіндеріне күмәнмен қараған.
Рақымшылыққа ілінген әйел: «Алғаш айтқанда, бірден сенбедім. Рақымшылыққа ілінуге күмән көп болды. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме ғой, шығармайтын шығар дедік. Қазірге дейін сене алмай тұрмын. Бұл сәті ұзақ күттік. Қақпаның алдында тұрсам да өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Бірінші кезекта балаларымды, анам мен күйеуімді құшақтағым келеді. Оларды қатты сағындым. Бостандық пен түрменің айырмашылығы жер мен көктей. Маған бірінші кезекте жақындарыммен сөйлеспеу қиын болды. Аптасына 15 минут сөйлесу өте аз. Түрмеге түскен әр бір әйелге бостандық тілеймін».
«Сенбей тұрмын әлі, — дейді «Ұрлық» бабымен 4 жыл 1 айға сотталған әйел көзіне жас алып. 2 жылда түрме өмірімді, көзқарасымды өзгертті» дейді ол. Ол да 1 жасар кезінде жақындарына тастап кетуге мәжбүр болған 3 жасар қызына асығып тұрғанын жеткізді.
Рақымшылыққа ілінген әйел: «Білесіздер ме, бұл жерге түспеуіңізді тілеймін негізі. Бұл жер өте қатал. Әйелдерге кеңес бермеймін. Бұл жерге келуге. Әйелдер отыратын жер емес. 6 күні естідік. Бүгін заң қолданып, осылай жіберіп жатқанына. Шынымды айтсам, сенбей тұрмын әлі. Бала-шағам бар, бала-шағама ораламын. Шок болып тұрмын. Бұл жерге келмеймін деп өз-өзіме уәде бердім. Жақсы жағына өзгердім деп айта аламын өз өзіме.
Не өзгертті сізді?
Осы мекеме өзгертті деп айта аламын.
Қай жағына өзгертті?
Өз өзімді тәрбиеледім. Мен бұл жер мен отыратын жер емес екенін түсіндім. Бұл жерде отырмауым керек. Болды. Менде қаншама эмоция, я шоке, әлі сенбей жатырмын».
Қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекеменің аға инспекторы Гүлвира Ережепованың айтуынша, мекемеде 250-ден аса әйел жазасын өтеп жатыр. Мекемеде көбіне аса ауыр қылмыс жасаған әйелдер жазасын өтейді. Бұл жолы рақымшылыққа 15 әйел ілінген. Олардың бесеуі бостандыққа шыққан.
Гүлвира Ережепова, №78 мекеменің аға инспекторы: «Біздің мекемеде аса қауіпті, жазасы жоғары мекеме болғандықтан тек 15 сотталушы рақымшылық заңына ілікті. 5 сотталған азаматша мекемеден босатылды. Қалған 10 әйелдің жаза мерзімі қысқартылды. Қылмыстары «Ұрлық» бабы және «Алаяқтық» бабымен сотталғандар. Бүгінде олар өз қателіктерін түсініп, жазаларын өтеуге 1 жыл қалған азаматшалар мекемеден босатылды».
16 шілде күні Шымкентте Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықа ілінгендердің алғашқы легі шыққан. 8 жазасын өтеушінің үшеуі №54 мекемеде, бесеуі №55 мекемеде жазасын өтеп жүрген.
11 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы тапсырмасы негіз болған.
Дилара Иса