Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Еріктіліктің рөлі мен балалардың құқықтарын ілгерілетуге арналған» шағын құрамда кездесу өтті.
Кездесуге ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл, қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы Айдын Кәрімов, білім беру және құқық қорғау саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Кездесуді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастар арасында еріктілік қызметін дамыту, балалардың құқықтарын қорғауға қоғам назарын аудару және оны шешуге жастарды да қатыстыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Кездесуде осы бағытта сөз алғандар аталған мәселелерді іске асыруда қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуін ұсынды. Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары А. Кәрімов ЮНИСЕФ ұйымының балалар мен жастардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды рөлін атап өтіп, қалалық әкімдік тарапынан халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЮНИСЕФ-пен бірлескен жобаларға үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен бірге кездесуге қатысушы жастар да еріктілік қозғалысын кеңейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын сақтау бағытындағы ұсыныстарымен және идеяларымен бөлісті.
Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де «Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді.
Шымкент қаласында жастар үшін маңызды әлеуметтік бастама – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылды. Бұл жоба «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесу сериясының алғашқы шарасы аясында жүзеге асып отыр. Аталған бастама өңірдегі әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсене араласуға ынталы 500-ден астам ерікті жасты біріктіріп, волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беруді көздейді.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де жастардың әлеуетін арттыру мен олардың қоғамға белсенді қатысуына ықпал етудің маңыздылығын атап өтті: Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылып жатқан Волонтерлер мектептері жастардың өз дауысын естіртуіне және нақты әрекетке көшуіне жол ашады», – деді ол.